Елімізде 2022 жылы жүзеге асырылған конституциялық реформаның нәтижесінде Конституциялық соттың қайта құрылуы өте маңызды бастама болып табылады. Бұл – әділетті Қазақстанды қалыптастыру кезеңінде құқықтық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды қадам.
Конституциялық сот – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың кепілі әрі Ата заңымыздың нормаларының дәл орындалуын бақылаушы орган. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде елімізде қызмет еткен бұл демократиялық институт 1995 жылы қабылданған Конституцияда Конституциялық кеңеске трансформацияланды, ал сот пен кеңестің өкілеттіктері арасында айтарлықтай айырмашылық болды.
«Конституциялық сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды» (Конституцияның 72-бабының 3-тармағы). Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» 2022 жылы 5 қарашадағы Конс-титуциялық заңның 45-бабының 4-тармағына сәйкес: «Егер азаматтың сотқа алдын ала жүгінуі заңның тиісті ережелерінің императивтілігіне байланысты нақты жағдайда оның Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын заңды өзгеше қолдануға алып келмесе, азаматтың жүгінуіне жол беріледі», делінген.
Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының 3-бабының 1-тармағына сай Конституциялық сот Сот Төрағаны және оның орынбасарын қоса алғанда, он бір судьядан тұрады.
Биліктің үш тармағының теңгерімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді шешу мақсатында Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының қорғалуы деңгейі артады. Ата заңның қатаң сақталуын қамтамасыз ететін орган сот жүйесіне конституциялық бақылау жүргізеді. Мысалы, судья сот ісінде қандай да бір бапты негізге ала отырып шешім қабылдайды, бірақ заңды өзгерту құқығына ие емес. Егер азамат заң нормасына қатысты күмәнданса, ол Конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң қазіргі уақытта елімізде әрекет етеді. Осыған байланысты, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей өтініш жасау мүмкіндігіне ие болды. Жаңа құрылым азаматтардың өтініштерінің заңдылығын және Конституцияға сәйкестігін тәуелсіз түрде қарастырады. Жалпы алғанда, Конституциялық Сот биліктің сот тармағына жатпайды, сондықтан оның жаңаша жұмыс істеуі азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және әділдікке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Конституциялық соттың өкілеттіктері бұрынғыдан да кеңейтілген. Бұл орган енді тек заңдардың ғана емес, сондай-ақ орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін де қарайды. Яғни, Конституциялық сот бақылау қызметін белсенді түрде жүзеге асырып, заңды күшіне енген нормативтік актілерді талдайды. Конституциялық соттың мәртебесі, судьяларды сайлау тәртібі және құрылымдық мәселелерінің айқындалуы да ерекше маңызға ие.
Бұл өзгерістің мемлекет дамуына және қоғамның прогресіне елеулі әсері болады. Конституциялық сотқа түскен шағымдардың көпшілігі сот шешімдеріне қатысты азаматтардың наразылығын, сот актілерінің орындалмауын, тұрғын үй және еңбек қатынастарын, сондай-ақ әлеуметтік қорғауға қатысты шағымдарды қамтиды. Осыған орай, қоғамның құқықтық сауатын арттыруға бағытталған жұмыстарды одан әрі кеңейту қажет. Арыз-шағымдардың мазмұнына мониторинг жүргізу, жұмыс барысында оларды пайдалану және кемшіліктерді жою да маңызды. Ең бастысы, азаматтар мәртебелі органның сот шешімдеріне баға бермейтінін түсінуі керек.
Гүлмира СЕБАЕВА,
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты
әкімшісінің басшысы.