Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан кәсіпкерлерімен және инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында жүзеге асырылып жатқан және басталу сатысындағы жобалар талқыланып, кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелер көтерілді.
1. ТОО “KASKASU RESORT”
Туризмді дамыту мақсатында Каскасу шатқалында туристік-рекреациялық орталық салу жобасы іске асырылуда. Кәсіпкерлер тарапынан инфрақұрылым тарту бойынша қолдау қажет.2. ТОО “MONOTRANS”
Логистикалық орталық пен жүк тасымалдау базасын салу жобасы жоспарланған. Алайда құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Жобаны іске қосу үшін инженерлік желілер мен жер теліміне қатысты рәсімдеу процестері қажет.
3. ТОО “ТАУЭНЕРГО”
Шағын ГЭС салу жобасы ұсынылған. Қазіргі таңда су ресурстары мен жерге рұқсат алу мәселелері қаралуда. Бұл жобаның іске асуы өңірдегі энергия тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
4. “Қазығұрт бақтары” АШӨК
Кооператив жеміс-жидек өңдеу цехы мен көкөніс сақтайтын қойма құрылысын бастаған. Алайда жоба толық іске қосылу үшін 2 МВт электр қуатына рұқсат қажет. КЕГОК-пен келісім беру рәсімі кешігуде. Сонымен қатар, Аграрлық несие корпорациясы тарапынан есепшоттар бұғатталған.
5. ТОО “KAZPLAST”
Тігін цехы құрылысын жүргізіп жатыр. Алайда жұмысшылар үшін қауіпсіздік жағдайы толық қамтамасыз етілмеген. Зауыт маңына жол кедергілері, бейнебақылау камерасын орнату және жаяу жүргінші жолын салу қажет.
Асылан Ибадуллаев:
«Төлеби ауданында жүзеге асып жатқан жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Бүгін көтерілген мәселелердің барлығы кәсіпкерлікті дамыту жолында шешімін табуы тиіс. Біз бұл бағытта нақты жұмыстар атқарып жатырмыз», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.