АСТАНА. KAZINFORM – Автомектептер оқу процесі кезінде жол ережесін теория жүзінде үйреніп қана, көлік айдауды үйретеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Фото: Kazinform / Freepik / Pixabay
Бағаны дұрыс салыстыру үшін біз салмағы 3,5 тонна болатын жеңіл көлікті жүргізуге арналған «B» санатты куәлігінің оқу ақысын білдік. Қалаларда оқу мерзімі — 2-3 ай. Бір айдан соң білім алушылар қала ішінде немесе автодромда нұсқаушы көмегімен көлік жүргізе алады. Оқу ақысын салыстыру кезінде курс және нұсқаушымен 18 сағат көлік жүргізу негізге алынды.
Ең қымбат курс Алматы қаласында болып шықты. Мұнда жеңіл көлік жүргізу курсы 70 000 теңгеден басталып, 150 000 теңгеге жетеді. Мұнда курс құны орта есеппен 110 000 теңге. Ал нұсқаушымен бір сағат көлік жүргізу құны — 10 000 теңге. Егер 18 сағаттың шығынын қоссақ, 180 000 теңге болады. Курс пен көлік жүргізуді қатар үйрену — 290 000 теңге.
Ақтауда баға бұдан 38 000 теңгеге арзан. Бірақ «B» санатты куәлігін алуға арналған курстың толық құны сонда да 252 000 теңгеге шығып тұр. Оның 90 мың теңгесі оқу ақысы, ал 162 000 теңге (нұсқаушымен бірге 1 сағат көлік айдау құны 9 000 теңге) көлік жүргізуге кетеді.
Астана қаласында да таңдау көп. Кейбір автомектептерде курс құны 60 000 теңге, ал кейбірінде 120 000 теңге болып тұр. Автомектептерде көлік жүргізуді үйрену құны 6 000 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін жетеді. Қалада оқу курсы орта есеппен 80 000 теңге. Сонымен бірге нұсқаушымен көлік жүргізу үшін әр сағаты 8 000 теңге. Бұл дегеніміз — 18 сағаттық оқуға 144 000 теңге керек. Курстан толық өту құны — 224 000 теңге.
Қонаев қаласында баға сәл төмен. Курстың жалпы құны 215 000 теңге. Оның 80 000 теңгесі оқуға, 135 000 теңгесі көлік жүргізуге (сағатына 7500 теңге) жұмсалады. Атырауда баға едәуір төмен. Мұнда курстың жалпы құны — 199 000 теңге. Оның 55 000 теңгесі курсқа жұмсалады. Ал нұсқаушымен бірге көлік жүргізу үшін әр сағатына 8 000 теңге төлеуге тура келеді.
Талдықорған мен Шымкентте курс құны 60 000 теңге болып тұр. Бірақ Талдықорғанда көлік жүргізуді үйрену үшін 126 000 теңге (сағатына 7000 теңге) төлеуге тура келеді. Ал Шымкентте оның құны 108 000 теңге (сағатына 6000 теңге) деп есептелген. Оралда 2,5 айлық курсты оқу үшін 70 000 теңге және көлік жүргізіп үйрену үшін сағатына 6 000 теңге төлейді.
Көкшетауда автомектепте оқу бағасы жоғары. Мұнда 75 000 теңге, бірақ практикалық оқу бағасы төмен. Сағатына 5000 теңге болса, толық курсқа 165 000 теңге төлейді.
Қызылорда мен Таразда курс бағасы — 50 000 теңге. Ал нұсқаушымен бірге көлік жүргізіп үйренуге 5 000 теңге төлейді. Толық курс — 140 000 теңге.
Жезқазған мен Қарағандыда теориялық білім алу, жол ережесін үйрену 40 000 және 35 000 теңге. Ал көлік руліне отырып, жүргізіп үйрену сағатына 5 500 теңге (18 сағаттық оқу құны — 99 000 теңге) болып тұр.
Өскемен (137 000 теңге) мен Қостанайда (126 000 теңге) баға шамалас. Мұнда оқу ақысы орта есеппен 45-47,5 мың теңге. Ал Қостанайда көлік жүргізуді үйрену 500 теңгеге (бірінде 4500, екіншісінде 5 000 теңге) арзан.
Петропавл мен Түркістанда баға орташадан төмен. Егер оңтүстікте 50 000 теңге болса, солтүстікте 60 000 теңге. Ал көлік жүргізуді үйрену үшін қалалықтар сағатына 4 000 теңге (18 сағатқа 72 000 теңге) төлейді.
Толық курс бағасы арзан үштікке Павлодар қаласы кіріп тұр. Мұнда нұсқаушымен бірге көлік жүргізу үшін сағатына 2 500 теңге төлейді. Тек теориялық курс құны Астанадағы бағамен бірдей, яғни, 80 000 теңге. Дегенмен курс құны орта есеппен 125 000 теңгеге шығады.
Ақтөбеде теория мен практика құны шамалас. Бірі 60, екіншісі 63 мың теңге (мұнда көлік жүргізу 3500 теңге) тұрады.
Елімізде Семей қаласында ғана ең төмен баға ұсынылады. Мұнда курстың теориялық бөлігі 40 000 теңге, ал көлік жүргізу үшін сағатына 4 000 теңге (барлығы 72 000 теңге) төлейді. Сонда толық курс құны — 112 000 теңге.
https://kaz.inform.kz/news/elmzdeg-avtomektepterde-oku-bagasi-kansha-feb3e1/