Медиация Заңының тиімділігі мен өміршеңдігі, сот өндірісіндегі даулы мәселелердің оң шешімдермен аяқталуы, кәсіби медиаторлардың және әкімдер жасаған тізілім негізінде іріктелген медиаторлардың белсенді, адал, сапалы қызметтеріне тікелей байланысты.
Медиация – бұл үшінші тараптың қатысуынсыз, даулы немесе жанжалды жағдайларда екі немесе одан да көп тарапқа келісім табуға көмектесу процесі. Сот тараптарды татуластыруға міндетті. Бүгінде азаматтар соттағы және соттан тыс медиация, партисипативтік рәсімдер мен татуластыру келісімдері арқылы бітімге келе алады.
Алайда, өмірдің өз заңдылықтары бар, сондықтан әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Ашуға булығып, арызын сотқа жеткізетін адамдардың талаптарын тыңдай отырып, судья екі тарапты татуластыруға тырысады. Татуластырушы судья сотқа дейінгі татуластыру рәсімін жүргізу барысында тараптарға дауды медиация арқылы шешудің тиімділігін түсіндіреді. Тараптар татуластырушы судьяның кеңестерін тыңдағанның нәтижесінде, медиация тәртібімен келісімге келу көрсеткіші жыл сайын артып келеді.
Медиация – бұл тараптардың ерікті келісімі негізінде жүзеге асырылатын процесс, оның мақсаты медиатордың (немесе медиаторлардың) көмегімен тараптардың өзара тиімді шешімге жетуін қамтамасыз ету. Медиация – бұл жанжалға қатысушы тараптарға бейтарап, мүдделі емес маманның көмегімен олардың арасындағы дауды тиімді түрде реттеуге мүмкіндік береді.
Медиатор келісімге жету жолын ашады, қатысушылар арасындағы байланысты жеңілдетіп, бағыттайды, оларға қажетті ақпарат алуға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Медиацияны ұйымдастыратын судья медиацияның өткізілетін күнін белгілейді және тараптарға оның уақыты мен орны туралы ақпарат береді. Соттағы медиация «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және азаматтық іс жүргізу кодексінде көрсетілген ерекшеліктерге сәйкес жүзеге асырылады.
2015 жылы қабылданған азаматтық процестік кодекстің 179-бабына сәйкес, тараптар сот кеңесу бөлмесіне кірмей тұрып, бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттарға дауды медиация тәртібімен реттеу жөнінде өтініш бере алады.
Егер тараптардың дауды медиация арқылы реттеу туралы өтінішхаты қосымша процесуалдық әрекеттерді немесе істі қарауды тоқтатуды талап етпесе, оны кассациялық сатыдағы сотқа ұсынуға болады. Сонымен қатар, тараптар кассациялық сатыдағы сотқа өтінішпен бірге дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді де ұсынуы қажет.
Медиатор медиацияны жүргізу жөніндегі өтінішхатты алған кезде және тараптардың медиатормен жасаған келісімі бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарға ұсынылса, іс жүргізу осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасына сәйкес бір айдан аспайтын уақытқа тоқтатылады.
Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы судья медиацияны өткізу туралы өтінішхатты қабылдаған жағдайда, сот іс жүргізуді осы Кодекстің 273-бабының 7) тармақшасына сәйкес он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата алады. Бірінші сатыдағы сотта медиацияны ұйымдастыру үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде істі қараған судья өткізуі мүмкін.
Сотта медиация процесінің хаттамасы жүргізілмейді, егер дауды медиация арқылы реттеу туралы келісім сот актісін орындау кезеңінде жасалса, бұл келісім бірінші инстанциядағы сотқа немесе аталған актіні шығарған сотқа бекіту үшін ұсынылады. Осы Кодекстің 180-бабына сәйкес, іс жүргізуші судья (сот құрамы) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексеріп, оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешім шығарады. Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, оның бекітуі, «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Кодекстің 179, 180-баптарына сәйкес болуы тиіс. Егер тараптар медиация арқылы келісімге келе алмаса немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, іс қарау жалпы тәртіппен жалғасады. Сот бекіткен медиация тәртібімен реттеу келісімін орындау осы Кодекстің 179-бабында көрсетілген татуласу келісімін орындау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Медиацияны жүргізу үшін тараптар дауды медиация арқылы шешуге келісіп, жазбаша түрде рәсімделген медиация туралы шарт жасасуы қажет.
Тараптар дауды реттеу келісіміне қол қойған ен бастап, егер медиатор дауды медиация арқылы шешу мүмкіндігіне ие болмаса, тараптар медиациядан бас тартса немесе бір тарап медиацияны жалғастырудан бас тартса, медиация процесі тоқтатылады.
Тараптар бітімге келіп, дауды реттеу келісіміне қол қойғаннан кейін, келісім құжаты азаматтық істі қарайтын судьяға жіберіледі, ал ҚР азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіп бойынша сот өндірісіндегі істің шешімі бекітіліп, қорытындыланады. Сонымен қатар, мемлекеттік баж ҚР азаматтық іс жүргізу кодексінде көрсетілген тәртіппен баж төлеген адамға қайтарылады.
Медиация Заңының қоғамымызда адамдардың тыныш, жайлы өмір сүруіне зор пайдасы бар екенін көпшілік түсініп, оны тиімді жүзеге асыруға белсенділік танытса, бұл бәріміз үшін маңызды. Ең жақсы шешім – татуласу, келісу және бір мәмілеге келу, бұл екі тараптың да пайдасына болады.
С.АЯПОВ,
Арыс аудандық сотының судьясы.