Қазақ халқында қыздарға және жалпы әйелдерге әрдайым үлкен құрмет көрсетілген, ананы отбасының негізі ретінде бағалаған. Бұл дәстүр тәуелсіз Қазақстанда да жалғасуда. Яғни, елімізде әйелдердің құқықтарын қорғау және теңдікті қамтамасыз ету басты назарда. Қазақстан Республикасында Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін мемлекеттік кепілдендіру туралы, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңдар қабылданып, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы мен басқа да арнайы бағдарламалар бекітілді, бұл әйелдер құқықтарының қорғалуының айқын дәлелі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Бұл заңнама Президенттің директиваларына сәйкес Балалар Құқықтары Жөніндегі Уәкілмен, Парламент депутаттарымен және түрлі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әзірленді. Заңның негізгі мақсаты – осал топтарға қолдау көрсету және зорлық-зомбылық жағдайларын алдын алу үшін сенімді инфрақұрылымды дамыту арқылы Қазақстан бойынша отбасылар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттеріне жауапкершілікті арттыру, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа нормалар енгізілді. Мысалы, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру үшін жауапкершілік күшейтілді.
Қазақстанда гендерлік саясатты дамыту үшін әлеуметтік зерттеулерді көбейтіп, қыз-келіншектердің құқықтары мен талаптарын қорғап, теңдік пен әділдікті басты орынға қоюға мүмкіндік беретін қоғамды қалыптастыруымыз қажет.
Енді әйелдердің саясаттағы рөліне тоқталатын болсақ, еліміздің саяси өмірінде Қазақстан Республикасының азаматтарының тең құқықтарын қамтамасыз ету демократия мен азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді.
Үкімет әйелдердің саясатқа, бизнеске қатысуына, кәсіпкерлікке және жоғары лауазымдарға тартылуына үлкен көңіл бөліп, осы бағытта түрлі бағдарламалар мен шаралар қабылдауда.
Әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған заңдар бар, бірақ кейде оларды әйелдердің өздері пайдалана алмайды, себебі заңды дұрыс білмейді. Президент партиялар туралы заңға өзгеріс енгізгенде, саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуы тиіс екені атап көрсетілді.
Заңгерлер еліміздегі әйелдердің құқықтық сауатын арттыруға көп көңіл бөлу қажеттігін айтады. Қыз-келіншектердің ерте тұрмысқа шығып, отбасына көп көңіл бөлетіні белгілі. Жоғары білімдері бола тұра, бала күтімі кезінде үйде отыру жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан декреттік демалыстан шыққан әйелдер үшін құқықтық, бизнес және кәсіпкерлік білім беру курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ семинарлар өткізу мемлекет тарапынан басты назарда.
Гүлмира СЕБАЕВА,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің басшысы.