Бүгінде сот жұмысының сапасын арттыру мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Сот отырысында екі тараптың мүддесі қарастырылғандықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болуы заңды. Дегенмен, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру және сот отырыстарын дыбыс-бейне таспаға жазу сияқты шаралар сот жұмысына қатысты наразылықты едәуір төмендетті.
Үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға сәйкес, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Аталған өзгерістердің негізгі жаңалығы келесі жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде дербес кассациялық соттардың құрылуы болып табылады. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кассациялық сотты ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасының нәтижесінде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен кездесуде азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету үшін жеке кассациялық соттарды құрудың маңыздылығын атап өтті.
Тәуелсіз кассациялық соттың құрылуы сот төрелігінің сапасын арттыруға және азаматтардың соттарға деген сенімін жоғарылатуға ықпал етеді. Сонымен қатар, кассациялық сотты енгізу сотқа кететін шығындарды азайтпай, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып, шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы, бұл кассациялық орган толықтай тәуелсіз болады. Яғни, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстарға қатысты істер бойынша; сот талқылауы кезінде шығарылған, сондай-ақ процестің қатысушыларының дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіпті сақтау мәселелеріне, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына қатысты, үкімді орындауға байланысты мәселелерге және тергеу судьясы шығарған сот актілері кассациялық тәртіпте қаралмайды.
Әрине, мұндай шектеулер азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтірді. Себебі, Ата Заңымызда әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар екені анық жазылған.
Аталған өзгерістердің нәтижесінде кассациялық соттар дербес сот сатысын құру арқылы мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Өткен жылы мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуде дербес кассациялық сатыны құру қажеттілігін атап өткен болатын. Бұл мәселе кәсіпкерлердің, заң қоғамдастығының және әртүрлі сала мамандарының ұсыныстары негізінде көтерілгені белгілі.
Негізгі мақсаты – барлық іс санаттарын кассациялық тәртіпте қайта қарауға мүмкіндік беріп, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын толық жүзеге асыруына жағдай жасау.
Кассациялық сот – бұл сот істері мен материалдарын кассациялық сатыда қарастыратын орган. Ол сот практикасын зерттеп, жинақталған нәтижелер негізінде төменгі сот сатыларының заңдылықты сақтау мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар, заңда белгіленген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Жаңа сот сатысы 2025 жылы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша құрылып, апелляциялық сот алқасының шешімдері негізінде істерді қайта қарауға мүмкіндік береді.
Бұл реформа сот жүйесінің тиімділігін арттыруға, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ сотқа деген сенімді нығайтуға ықпал етеді деген үміттеміз.
Г.УСМАНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.