TikTok және «Атамекен» ұлттық палатасы #ҚазақстандаЖасалған жаңа байқау өткізуде. Ол қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға және олардың бизнесін ілгерілетуге бағытталған.
Байқау 2024 жылдың 9 желтоқсанында басталып, 29 желтоқсанға дейін жалғасады. Қатысушылар өз бизнесі, оның мақсаттары және Қазақстан экономикасына қосқан үлесі туралы айтып беретін ұзақтығы 30 секундтан 2 минутқа дейінгі бейнені жазуы қажет.
Байқауға Қазақстанда тұратын 16 жастан асқан, заңды түрде тіркелген кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Және TikTok-та ашық парақшасы болуы тиіс. Бейнені #ҚазақстандаЖасалған хэштегімен жариялау қажет. Тіркелу хэштег сипаттамасындағы сілтеме арқылы қол жетімді.
4 iFone 16 plus 4 номинация бойынша ойнатылады:
1. Әлеуметтік кәсіпкерлік. Инклюзивті ортаны дамытуға, осал санаттағы адамдарға көмектесуге бағытталған әлеуметтік бизнес — жобалар.
2. Экологиялық кәсіпкерлік. Табиғатты қорғау және тұрақты технологиялармен байланысты бастамалар.
3. Жас кәсіпкер. Инновациялық идеялары бар жас кәсіпкерлер құрған жастар бизнес -стартаптары.
4. «Бір ауыл — бір өнім». Аймақтың мәдени ерекшеліктерін көрсететін жергілікті тауарлар мен қызметтерді қолдау.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңір кәсіпкерлерін байқауға қатысуға шақырды:
“Конкурс бұл тек өз бизнесіңді таныту ғана емес, сонымен қатар басқаларды өз ісін бастауға шабыттандырудың жолы және облыс экономикасының дамуына үлес қосудың мүмкіндігі”, — деді ол.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде көру саны мен қатысу бойынша ең жақсы бейнелерді таңдау жүзеге асырылады. Екіншіден, жеңімпаздарды қазылар алқасы қатысушылардың өзіндік ерекшелігін, шығармашылығын және экономика мен қоғамның дамуына қосқан үлесін бағалайды. Сыйлық ретінде жеңімпаздар iPhone 16 Plus алады. Байқау қорытындысы 2025 жылдың қаңтарында жарияланады.