Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен ХХХІІІ (33) сессиясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарын Медиация саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша көш басындағы өңірлердің қатарына жатқызған болатын.
Сол жиында ел Президенті республикадағы облыс әкімдіктеріне, «Қоғамдық келісім» КММ-не аталған облыстармен тәжірибе алмасу жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда, бүгін Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы делегациясы Түркістан облысының этномедиация саласындағы тәжірибесімен танысу мақсатында арнайы іссапармен келді.
Алдымен маңғыстаулық делегация Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, «Ұлы Дала Елі» орталығындағы құнды жәдігерлермен танысты. Бұдан соң Түркістан төрінде жаңадан бой көтерген «Достық үйін» аралап көрді.
Делегация құрамында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Тагиев Таги Зираддиноглы бар.
Осы ретте, «Достық үйінде» өңірдің медиация саласындағы жұмыс тәжірибесімен танысу сапарына орай ауқымды жиын өтті.
Алқалы басқосуға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев және Медиация кеңесінің мүшелері, сонымен қатар, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың төрағалары мен этномәдени бірлестіктерінің төрағалары және өңірдегі кәсіби медиаторлар қатысты.
Келелі жиында сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық ҚХА мүшесі Нұралы Әбішов өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті.
– Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте, медиация институты — Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі таңда өңірімізде медиация — дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Мәселен, медиаторлардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылдың басынан бері облыс көлемінде этнос өкілдерінің қатысуымен 62 құқықбұзушылық болса, соның 36-сы медиация тәртібімен тараптардың татуласуына қол жеткізілді. Ал 2023 жылы этнос өкілдерінің қатысуымен 192 құқық бұзушылық оқиға болған. Оның 151-і медиация жолымен шешімін тапқан. Өңірімізде медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді, — деді Нұралы Әлмаханұлы.
Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтымен бірлесе отырып, өңірде этносаралық татулықты сақтау бағытында жүйелі түрде оқыту семинарлары өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Бұл орайда, аталған семинарларға құқық қорғау органдарының өкілдері, этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудан, қалалардың әкімдері мен жауапты сала жетекшілері қатысатынын жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар қос өңірдегі этносаралық келісімді нығайту бойынша өз ойларын ортаға салып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.
Жиын соңында маңғыстаулық делегация мүшелері Түркістан облысының тиімді тәжірибесін жұмыс барысында қолданатынын айтып, алғыстарын білдірді. Жиынға қатысушылар елдік пен бірліктің жолында күш біріктіріп, елге қызмет ете беретіндіктерін жеткізді.