Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, судьялар сот төрелігін жүзеге асыру барысында тәуелсіз болып, тек Конституция мен заңдарға бағынады. Қазақстанда жүргізілген сот реформасы сот төрелігі жүйесін азаматтардың талаптары мен мүдделеріне жақындату арқылы, істерді сотта қараудың сапасын айтарлықтай арттырғанын көрсетеді.
Сот жүйесін жетілдіру және осы бағыттағы шараларды тиімді жүзеге асыру заң үстемдігін қамтамасыз етудің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Осыған орай, қазіргі таңда Қазақстанда заң үстемдігінің мықты орнығуы мен сот төрелігінің әділ жүзеге асырылуына ерекше назар аударылуда.
Сот әділдігін жүзеге асыруда сот ісін сатылы жүргізу мәселесі – ең маңызды, күрделі және өзекті мәселелердің бірі. Сот төрелігінің сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенімі әр сатының тиімділігіне тікелей байланысты.
Осы орайда Мемлекет басшысы 2023 жылдың 12 қыркүйегінде отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша заңгерлер мен кәсіпкерлер қауымымен консультациялар өткізу қажеттігін атап өтті. Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының қазіргі үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайтындығы байқалады, өйткені азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға ұсынылады.
Жоғарғы Сот заңгерлермен, ғалымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және парламент палаталарының депутаттарымен бірлесіп талқылау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілді.
Жаңа бастаманың заңдық негіздері анықталды, соның нәтижесінде елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот құрылатын болды. Заңнамалық нормаларға сәйкес, сот төрелігін жүзеге асыру тек жергілікті және кассациялық соттарға жүктеледі, ал алдын ала қарау процесі жойылады. Кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды, сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша түрде жүргізіледі. Осылайша, Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді.
Оның мақсаты сот практикасын түсіндіру және біркелкілікті қамтамасыз ету болып табылады, ал актілерді қарау тек ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
Бұл өзгеріс «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда көрініс тауып, кассациялық соттың құрылымы, құрамы, өкілеттіктері, сондай-ақ кассациялық сот төрағасы мен судьяларына қойылатын талаптармен толықтырылған. Жаңа жаңашылдықтар 2025 жылдың шілдесінен бастап іске асырылатын болады.
Бұл өзгерістер мен оң жетістіктер қоғамның мызғымас негізін қамтамасыз етіп, заң мен тәртіптің үстемдік құруына ықпал ететініне сенеміз.
Судьялардың әр съезінде сот саласына жаңа өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізіліп отырады. Бұл шаралардың барлығы соттың әділдігін қамтамасыз етіп, халықтың сеніміне ие болудың жолдарын қарастыруға бағытталған.
Судьялар төрт жылда бір рет жиналады, және бұл – тоғызыншы съезд. Съездің мақсаты – сот жүйесіндегі маңызды мәселелерді талқылап, негізгі міндеттерді анықтау. Судьялардың съезіне қатысқан Мемлекет басшысы алдымен заң мен тәртіп үстемдігінің маңыздылығына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Әділ сот – мемлекеттің негізі, сондықтан сот билігі әрдайым абыройлы және мінсіз болуы қажет. Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның басты өлшемі. Бұл заң алдында барлығы тең, бірдей құқыққа ие дегенді білдіреді. Сондықтан сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы тиіс. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды.
Алайда, сот шешімдеріне күмән келтіріп, шағымданушылар көп. Апелляциялық соттан әділдік таба алмағандар бұған дейін Жоғарғы сотқа жүгінетін. Енді, келесі жылдың шілдесінен бастап, бұл міндет кассациялық сотқа жүктеледі. Қазіргі уақытта жаңа сот құрамын қалыптастыру үшін мамандар іріктелуде.»
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының IX съезінде сөз сөйлеп, еліміздің әр өңірінен келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысқан бұл маңызды шараның мәнін ерекше атап өтті. Съездің басты мақсаты – құқық қорғау жүйесін жетілдіру, судьялардың рөлін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру мәселелерін талқылау болды.
Съездің ашылуында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы судьялардың қоғамдағы орны мен маңыздылығына назар аударып, сот жүйесінің дамуы мен судьялардың кәсіби деңгейінің артуына байланысты елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды екендігін жеткізді.
Съезд барысында судьялардың кәсіби білімін арттыру, сот процестерінің тиімділігін жақсарту, заманауи технологияларды енгізу сияқты мәселелер қарастырылды. Бұл тұрғыда, цифрландырудың және электрондық сот жүйесінің пайдасы сөз болды.
Съездің қорытындысында судьялардың кәсіби этика кодексін жетілдіру, сот саласындағы реформаларды жалғастыру, сондай-ақ судьялардың қоғаммен байланысын нығайту үшін нақты ұсыныстар жасалды. Судьялардың рөлі мен мәртебесін арттыру мақсатында түрлі шараларды қабылдаудың қажеттілігі атап өтілді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының судьяларының IX съезі еліміздегі сот жүйесін нығайту, судьялардың кәсіби деңгейін көтеру және құқық қорғау саласындағы реформаларды жүзеге асыруда маңызды кезең болып саналады.
Сержан АЙНАБЕКОВ,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу сотының төрағасы.