Түркістан облысында туризмнің барлық салаларын да дамытуға, саяхатшылар мен туристердің қызығушылығын тудыруға мүмкіндік бар. Облыс аумағында гастротуризмнен бастап, тарихи жәдігерлер мен архитектуралық-сәулет нысандарына қызығушыларды, ұлттық қолданбалы өнердің ғасырлардан келе жатқан дәстүрі, облыс табиғатының әралуандығының арқасында экотуризм сияқты түрлерін дамыту қолға алынып жылдан жылға келушілер қатары арта түсуде.
Түркістан облысында эко туризм қарқында дамып келеді. 2024 жылдың 9 айының қорытындысымен табиғи аумақтарға келушілер саны 109,5 мыңды құраған.
Түркістан облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақтар мен маршруттар құрылған.
Соның бірі – «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағы. Мұндағы 11,7 % немесе 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген.
Ұлттық парк аумағында 7 қонақ үй, бір аңшылар үйі кешені, 6 монша және жасақталған 94 демалыс алаңқайы, 38 автотұрақ, 77 қоқыс жәшігі, 52 қоқыс контейнері, 48 санитарлық-гигеналық торап, 40 дана арнайы тамақ пісіретін немесе от жағатын орын келушілерге қызмет көрсетуде. Бұл орындарға, әсіресе, жаз айларында сұраныс артады. Алдағы уақытта аталған аумақта демалыс нысандарын көбейту жоспарланып отыр.
Ал облыстың Келес ауданы білім бөліміне қарасты №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің тарихи-археологиялық мұражайында мектеп ауласынан табылған құнды жәдігерлер жетерлік. Соның ішінде 1353 жылы тастан жасалған қол диірмендерін де атап өту керек.
Мектеп басшысының мәлімдеуінше, мұражайда ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиеселі ағаш шоқпар мен ожау, ежелгі қаңлы дәуіріне тиеселі саз балшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар. Сондай-ақ сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек, кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған екен.
– Жүзімдік ауылында орналасқан мектеп ауласына 1985-1986 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Жалпы аумағы 68 шаршы метрді құрайтын мұражай екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы – 56 шаршы метр. Мұражайда жалпы 152 экспонат бар. Балалар қазіргі таңда осы жәдігерлерді зерттеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жазуда, – дейді мектеп директоры Ақмарал Қамбарова.
Ұстаздардың айтуынша, қазіргі кезде де мектеп ауласында, ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады. Тарихшы мамандардың қорытындысына сәйкес, осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың I-XIII ғасырлардағы Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады.
Мектеп мұражайындағы жәдігерлерді насихаттау арқылы көне мұралар мен тарихи жәдігерлерге қызығушыларды қызықтыруға болады. Ең бастысы туристерді қызықтыра білу, насихаттау мен келгендерге сапалы сервистік қызметтер көрсетілсе облысымыздың әр өңіріне саяхаттап, танымдық мақсатта келушілер қатары көбейе түспек.