Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, қазақстандықтардың жартысына жуығының денешынықтыру, бұқаралық спортпен айналысуына қол жеткізу қажеттігін алға міндет етіп қойған. Онымен қоса ол спорттың барлық өздері қалаған түрлерімен балалар мен жасөспірімдердің жастайынан айналысуына жағдай жасалуын да талап еткен. Сонда бала күнінен спорттың бір түрімен айналысқан жасөспірім өсе келе шеберлігі шыңдалып өзінің облысын, республикасын дүниежүзіне танытып Қазақстанның абыройын арттыратын болады, деп тұжырымдаған болатын.
Түркістан облысында дене шынықтыру мен бұқаралық спортқа ғана емес балалар спорты мен ересектер спортына да көп көңіл бөлінеді. Сол себепті де республикалық, халықаралық, дүниежүзілік жарыстарда түркістандықтар жүлде салады. Таяуда Шымкентте өткен жарыста кентаулық спортшы облыс мерейін көтеріп, жүлдеге ие болды. Шымкентте Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған
43-ші Халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Биыл жоғары дәрежеде ұйымдастырылған бокс додасында Қазақстан ұлттық құрамасының барлық былғары қолғап шеберлері қатысып, өз шеберліктерін байқап көрді.
Тартысты өткен жекпе-жектер нәтижесінде Түркістан облысының жұдырықты жігіттері 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді олжалады. Жүлде салған спортшылар қатарында 54 келіде ринг көркін қыздырған Сәкен Бибосынов жарақатына байланысты күміске қол созса, 67 кедіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алтын медальді мойнына ілді. Ал 67 келіде өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Бақтияр Анарбаев қола медальді қанағат тұтты.
Бахтияр Анарбаев Кентау қаласындағы Спорт клубының түлегі және қазіргі таңда «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» шәкірті.
Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен өткізілген фестивальге облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары қолдау көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімнің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, белсенді өмір салтын ұстануға бекінген балақайларға берекелі жеңіс жолын тілеп, жарыстан үздік шығуларына тілектестіктерін жеткізді.
Аталған шараның мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, балалардың әлеуметтік белсенділігін, сенімі мен өзара сыйластықтарын арттыру.
Фестивальдің Түркістан облысында өтетін кезеңінде Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарынан барлығы 10 команда қатысты. Жарысқа әр ауданнан кіші және аға санат бойынша екі командадан қатыстырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталды.