Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына әсер етіп (жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу, тағы басқалары.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді қадап айтты.
«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды.
Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
ҚР Құқықтық статистика комитетінің ресми дерегінше елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбаны болады. Осыған байланысты биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңға қол қойды. Жаңа құжаттағы түзетулер мен өзгертулердің жартысынан көбі балаларға бағытталған.
Зорлық зомбылық жасауға бірнеше негізгі себептер бар. Ең қарапайымдары – ішімдікке, нашақорлыққа, құмар ойындарға тәуелділік зорлық-зомбылыққа итермелейді. Алайда, статистикаға сәйкес отбасылық жанжалдарға басқа да себептер әсер етіп жатады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы еліміздің азаматтрының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, құқықтық заңдылықтың сақталуын қадағалау, отбасы мүшелерінің заңды мүдделерінің сақталуына кепілдік беру, еліміздің кез келген мүшесінің дене зардабын және психикалық зардап шегуіне жол бермеу, отбасы құндылығын қолдау және сақтау, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу секілді әрекеттерге негізделеді.
Ең алдымен зорлықшының құрбаны өзі жайлы ақпаратты ашық айтуы қажет. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін сол жандардың өтініштері немесе хабарламалары, құқық қорғау орындары қызметкерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалу не оны жасауға әрекет ету дерегін тікелей анықтауына негіз болатын дәлелдер керек.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген. Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру болса, жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
«Әрбір отбасы шағын мемлекет» екенін ескере отырып, осы шағын мемлекеттерден құралатын Қазақстан атты үлкен еліміздің болашағы жарқын болсын десек, отбасы түсіністігі мен ерлі-зайыптылардың құқығының сақталып, балаларының бақытты ғұмыр кешуін қамтамасыз ете білуіміз керек.
Еламан КУРАКБАЕВ,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің
бас маман-сот отырысының хатшысы.