Елдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Қоғамдағы қақтығыстарды шешу және азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың ең сенімді әрі өркениетті жолы – сот төрелігі. Сот жүйесін дамыту және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл үдерістің бір маңызды бөлігі – судьялардың мәртебесін көтеріп, олардың тәуелсіздігін нығайту. Өйткені судья – сот жүйесіндегі негізгі тұлға. Қазақстандық судьялардың кәсіби қызметіне қолдау көрсету деңгейі артқан сайын, олардың біліміне, тәжірибесіне, әдебіне және адамгершілік қасиеттеріне қойылатын талаптар да өсуде.
Судьяның қоғамдағы рөлін айқындап, беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам – оның біліктілігін арттырып, тәжірибесін жетілдірумен тікелей байланысты. Кәсіби шеберлік бірден қалыптаспайды, оған жылдар қажет, әрі бұл үдеріс үнемі ізденіс пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Әділдік символына айналу үшін судьялар үнемі білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдап отыруы қажет. Осыған байланысты, судьяларды тұрақты оқытып, біліктілік деңгейін көтеру арқылы олардың білімін тереңдетуге ерекше назар аударылуда.
Сот жүйесінің қазіргі ең үлкен жетістігі – халықтың сотқа деген сенімінің күшеюі. Сотқа сенген халық өз болашағына сенімді болады, балаларын алаңсыз өсіреді, мемлекетке құрметпен қарайды, кәсібін тыныш жүргізіп, заң тәртібін сақтайды. Адамдар сотқа соңғы үмітін артып келеді, әділдік іздейді. Егер сот шешімі олардың көңілінен шықпаса, мемлекетке деген реніш пайда болады. Сондықтан сот жүйесін жетілдірудің басты басымдықтарының бірі – соттың ашықтығы мен жариялылығы, сондай-ақ халық пен сот арасындағы өзара байланысты нығайту. Сот шешімдері әділ болған сайын, қоғамның мемлекетке деген сенімі де арта түседі.
Соттың беделі оның шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби шеберлігіне, ұстанымдары мен жеке қасиеттеріне байланысты. Әрбір азаматтың әділдік іздеп жүгінуіне судья адамгершілікпен қарап, әділ шешім шығару үлгісін көрсетуі қажет. Сондықтан еліміздегі сот жүйесі әділдік қағидаларына сүйенуі тиіс. Сот жүйесін одан әрі дамытудағы негізгі мақсат – тәуелсіз әрі дербес сот құру, бұл – жүзеге асырылып жатқан сот реформасының басты мақсаты. Судьялардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң және басқа да заңдармен анықталған.
Елімізде сот төрелігін заман талабына сай жаңарту үдерісі жылдар бойы үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістердің нәтижесінде сот жүйесінің жұмысы жаңа қарқын алып, соттың ашықтығы мен қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Көпсатылы сот жүйесі жойылып, судьяларды кадрлық іріктеу жүйесі жаңартылды, судьялардың әдебі жөніндегі жаңа кодекс қабылданды. Тараптарды татуластыру және дауларды соттан тыс реттеу механизмдері жетілдірілді. Сонымен қатар, сот жүктемесі азайтылып, сот актілерін түсінікті тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді. Жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылып, сот жүйесінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді, өңірлерде фронт-кеңселер ашылды. Бұл реформалар сот саласына оң әсер етіп, оның дамуына жаңа серпін берді. Ендігі кезекте, соттың беделін нығайту бағытындағы шаралар жүзеге асырылып, халықтың сотқа деген сенімі одан әрі арта түсері сөзсіз.
Сот беделінің негізі – оның шешімдерінің әділдігі, судьялардың кәсіби шеберлігі, ұстанымдары және олардың адамгершілік қасиеттері екенін ескерсек, соттың абыройының көтерілуі уақытпен байланысты екенін түсінеміз. Әрбір әділдік іздеп келген азамат сот шешіміне қанағаттанып, өз мәселесін терең түсініп тыңдай алатын, білімі мен біліктілігі жоғары судьяларға жолығуы өте маңызды. Сондықтан сот жүйесін дәл осы бағытта дамыту – заман талабы.
Жамила ТУЛЕНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.