Президент Қ.К. Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тіртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға Жолдауында «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті.
Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек» деп мемлекеттік қызметшінің барлық жағынан да ел алдында өзін лайықты да әдепті ұстауына, кәсіби және моральдық жағынан биік деңгейлі болуын қалыптастыруды тапсырды.
Түлкібас ауданының әдеп жөніндегі өкілі Ербол Орманов аудандағы ауылдық округтердің, ауыл әкімдерімен кездесті. Кездесудегі басты мақсат — Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 8 шілдесінде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіру.
Бұнымен қоса, аудан әкімнің орынбасары, аудандағы әдеп жөніндегі өкіл Е.Орманов мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға бәс тігуге қатыса алмайтынын, бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылғанын ескертті және ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілгенін түсіндірді.
Сонымен қатар, Ербол Керімбекұлы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін түсіндіріп, Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертті. Қызметтік автокөліктерді пайдалану ережелерін бұзбау, мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс екеніне, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерімен қарым-қатынаста сыпайы болуға, дөрекілікке жол бермеуге ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті көздейтін баптарын түсіндірді. Пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік өкілеттіктерді теріс, асыра пайдалану, алаяқтық және тағы басқа сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе алған параның 80 есеге дейінгі мөлшерде айппұл көзделгенін ескертті.
Кездесу соңында ауыл әкімдері күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, нақты жауап алды.