Сот билігі мемлекеттік биліктің бір тармағы. Сондықтан да сот Төрелігін әділ жүргізу қоғамды, елді, адамдарды жақсылыққа апаратын төте жол. «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ ханның ауылын жау араламайды» деген екен дана халқымыз. Әділдік жоқ жерде бәрі бекершілік. Әділдіктің, ақиқаттың жолы қашанда өте ауыр болған.
Әділетті болу, шындықты айту, шындықта тұру, заңды үкім, әділ шешім шығару үлкен біліктілікті, білімділікті, бір беткейлікті, қажырлылықты, керекті жерінде мінез танытуды, мықты денсаулықты қажет етеді. Осылардың бәрі судьяның, бидің жүйкесіне, денсаулығына әсер ететіні даусыз. Шындықты басқадан іздемес бұрын, адам өзінің ісінде, сөзінде әділетті болуы керек.
«Халыққа бай құт емес, би құт» деген екен Төле би. Және де ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның ары мен білімі болады депті. Осыларды терең зерделесек, ел, жұрт, халық алдында судьяның орны да, қызметі де зор екенін анық байқаймыз.
Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысының тиімді сот жүйесін құру, кадр саясатын жетілдіру бағытындағы жыл сайынғы Жолдауында берілген басым тапсырмалар негізінде тиімді реформалар жүзеге асырылып келеді. Әлбетте, бұл бағыттағы іс-шараларды толыққанды орындау әрбір судья мен заңгер мамандарының жеке жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігіне байланысты.
Судьялардың адамгершілігі, адалдығы, оның жан-дүниесінің байлығы және біліктілігі әділеттіліктің негізгі өлшемі. Сондықтан, сот жүйесіне білімді, білікті, мәдениеті өте жоғары, сыртқы келбетімен, ішкі тазалығымен өзінің судья деген лауазымға сай екенін көрсете алатын судьялар келіп қосылып жатса, онда Қазақстан Республикасының сот жүйесінің болашағы зор деп айтуға болады.
Судьяларға қойылатын талаптар: мейірбанды болу, сана сезімінің жоғары болуы, сотқа жүгінуші тараптарға түсіністікпен қарауы, сот процесстерін салмақты, сабырлы және сауатты түрде жүргізуі жауап бере алуы ең басты қасиеті болып табылады. Сотқа жүгінген әрбір азамат сотқа көмек іздеп, әділетті шешім табу үшін келеді. От тараптарға бірдей және құрметпен қарауы тиіс. Енді сол азаматтардың талап арыздарын сот процестерінде қарағанда судья тараптардың арыз,шағымын ынтамен тыңдап, тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығын қамтамасыз етіп отырса, объективтілік пен әділдікті сақтай отырып, істің мән жайын толық және объективті зерттеп, тараптардың құқықтарын іске асыруын заң шеңберінде жүзеге асыруын қамтамасыз етсе, екі жақтың да сот әділ шешім шығаратынына күмән тұғызбайды.
Ал, енді керісінше сотқа жүгінген азаматтарға судьялар дөрекі сөйлеп, дауыс көтеріп жатса, тараптардың талаптарына құлақ аспай, олар тыңдалмай жатса, онда ол судьялар тараптардың сот билігіне деген сенімсіздінің қалыптасуына жол береді және өздерінің мәдениетсіздігін танытады. Содан барып, жалпы сот жүйесіне деген нашар пікір қалыптасады. Әрине, ондай судьялардың бар екендігі көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан әр судьяның сот процестерін жүргізу барысында өздерін сыпайы ұстап, мәдениеттерінің жоғары екендігін көрсете алғандығы, олардың біліктіліктері, сот жүйесінің имиджін көтеруге қосқан үлестері деп түсінгеніміз дұрыс.
Судья лауазымына кандидаттарға қойылатын талап күшейтілді. Бұрын 25 жасқа толған, жоғары заң білімі бар, заң саласында 5 жыл жұмыс жасаған адамдар судья бола алатын еді. Қазіргі талап бойынша жасы 30-ға толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар; біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады); медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған; полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
Бұл – өте құптарлық жайт. Себебі қазіргі уақыт талабына сәйкес судья үлкен өмір мектебінен өтіп ысылған, заң саласында түрлі сатыларда жұмыс жасап тәжірибе жинақтаған, өмірді түсінген, қандай дау болса да әділ төрелігін айта алатын, тек заңды ғана басшылыққа алып, ешкімнен қорықпай сот төрелігін әділ атқара алатын адам болуы тиіс. Осындай қатаң сүзгіден өткенде ғана судья лауазымына лайықты кадрлар іріктеледі. Әділ де білікті судьялар өздерінің ғана емес, сот жүйесінің беделін де көтереді. Халықтың пікірінің қалыптасуына да елеулі әсер етеді.
Судьялық қызмет, құқықтық-демократиялық елді құру және дамыту барысында, әділ заң негізінде дұрыс билік айтуды талап ететін, әрі сот шешімі мен үкіміне соңғы болып нүкте қоятын, заң саласының ішіндегі ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте зор, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым деп есептеймін.
Ең жоғарғы сот – ол адам бойындағы ар соты. Заңсыз үкім шығарған судья өзіне-өзі үкім шығарғанмен тең. Соттың, жалпы сот жүйесінің абыройы мен беделі әрбір судьяның ар тазалығы мен білімділігінен, парасаттылығынан құралады демекпін.
Г.УСМАНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.