Тек адам ғана емес, мал екеш малда өзінің туып өскен жері ыстық болғаны соншалық ештеңеге айырбастамайды.
Ата-анамыз бен өзіміздің кіндік қанымыз тамған ыстық та сүйікті Отанымыз біз үшінде қимас Отан.
Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып, кең-байтақ қазақ жерін көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр қаны қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Осы Отан деген сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екендігіне көз жеткіземіз.
Себебі Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы – ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын жаратып отырған байтақ далаң, қариясы мен ақ жаулықты аналары бар алтын ордаң, қадірлі ата – анаң, сүйікті жарың, бауыр-етің балаң жүрген туған елің.
Отаншылдық – Отанын жан-тәнімен сүйіп, оған қалтқысыз қызмет ету ғана емес. Отаншылдық – ең алдымен өз Отанының тарихи тек-тамырын, ғұмыржолын, қадір-қасиетін терең білу және өз Отаны үшін асқақ сезімдерге бөлену деген сөз. Отаншылдық – білім мен тәрбиенің тұғыры болуға тиіс деуіміздің сыр-себебі осында.
Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын ойлау, өскелең ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел татулығы мен тыныштығын және рухани бірлікті сақтау – әрбір мұсылманның парызы.
Отанды, елді құрметтегенде атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік ұстанған жөн. Жер бетінде отансыз ұлттар қаншама?! Оларды әр жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлтпен алауыздық танытып отырғаны қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарамай, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Отанды сүю – иманнан»,-деп хадисінде бекер айтылмаса керек-ті.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, жастарымызды, өскелең ұрпақты туған еліне, жеріне деген махаббат, ұлттық патриотизм, ұлтжандылық сезімінде тәрбиелеу әрқайсысымыздың мойнымыздағы парызымыз деп түсінуіміз керек.
Д.Аманов
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы