Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округі, Теспе ауылындағы «Gen Group Kazakhstan» жылыжай кешенінде банан өнімінің дәмін тататын күн таяу.
Серіктестік иесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының және аудандық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Ислам Алиевтың айтуынша, былтыр 5,3 га аумаққа тәжірибе ретінде бананның «Анамуз» сортының 7400 көшеті отырғызылған болатын.
Бүгінде бес гектардан жылына 1000 тоннаға жуық өнім алу жоспарлануда. Түркиялық технологиялар негізінде жүзеге асырылған кәсіпкерлік нысанда қазіргі таңда 150 маман жұмыспен қамтылып отыр.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, банан бұтағы 10-15 жылға дейін өнім беруге қауқарлы. Алдағы уақытта жылыжай кешенін шыны жабындысымен кеңейтіп, 3,7 га жерге құлпынай өсіру жоспарда бар.
– Бастапқыда бананның көшетін Түркиядан әкеп қондырдық. Әрине, алғашқыда толық тамыр жайып кете алмады. Кейіннен өзіміз көшетін өсіруге кірістік. Еңбегіміз берекесін берсе, 1-2 ай көлемінде алғашқы өнім де дастарқанға түсіп қалады, — дейді серіктестік иесі Ислам Алиев.
Бұл өнім Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтиды деген болжам бар. Қазіргі таңда Сайрам ауданында бананнан бөлек, лимон, құрма тәрізді тропикалық жемістер де жерсіндірілген.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі