Мысалы, пышақпен жұмыс істейтін хирургтарға, урологтарға да өте қиын. Тәуекелге бару керек. Бұл арқылы мен өзге саладағы әріптестерімнің қызметін оңай деп отырған жоқпын. Тек әр істің қиындығы басымдау жағын айтып отырмын», — деп тұжырымдады өз сөзін білікті дәрігер.
Айтса айтқандай, алысқа бармай-ақ, осыдан бірнеше жылдар бұрын жұқпалы аурулар қасіретінен, ауыр жағдайдағы сырқаттарды құтқару кезінде көз жұмған, ерлікке пара-пар қадамға барған Түркістан қаласының денсаулық сақтау саласының ардагерлері Сайлаубай Өскенбаев, Мамаджан Салиев сынды өз ісіне шын берілген дәрігерлерді Түркістан халқы ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да.
«Біздің алдымызда осындай аға буын әріптестеріміз болды. Біз олардан үлгі алдық. Бірге қызмет істедік. Осындай абзал азаматтармен бірге жұмыс істегенімізге қуанамын. Біздің олардан үйренетініміз көп еді. Оларға халықтың, дәрігерлердің өзінің құрметі қандай еді! Әріптестердің өзара сыйластығы да керемет болатын. Ол кезде мына менің жасымдағы әріптестерден үлгі алатын. «Мен осындай дәрігер бола алам ба?» — деп қызыға қарайтынмын еңбек жолымды бастаған кезде. Жалпы, менің осы мамандықты таңдауыма жоғарыда айтып өткен Роза Львовна Ким деген өз ісіне шын берілген, өте білікті бөлім меңгерушісінің әсері болды. Оның адамгершілігі, адамдармен қарым-қатынасы, сабырлылығы, жеке басының үлгісі мені осы мамандыққа алып келді. Қазіргі жастар да сол үлгі алатын дәрігер», — деп аға буын әріптестерін еске алды Мүтабар Шерметова.
Еселі еңбегін, қиын да жауапты бейнетін Түркістан халқының денсаулығын сақтауға сіңіріп келе жатқан Мүтабар Бекқызының жолын қуған қызы да, келіні де медицина саласында қызмет етіп жүр. Кіші ұлы да медициналық университетте білім алуда. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер әулеті десек қателеспейміз. Бір шаңырақтан үш бірдей денсаулық сақшысы түркістандықтардың денсаулық күзетінде. Жолдасының мамандығы инженер болғанмен, отбасы мүшелерінің халық игілігі үшін еткен еңбектеріне тілектестік білдіріп, мақтан тұтады. Шынында да, Мүтабар Бекқызы Шерметова, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық, қолы жеңіл, емі шипалы дәрігер! Еңбегіңіз жансын, алғыстан алқа таққан ақ желеңді абзал жан!
Роза Нарымбетова,
Түркістан қаласы чс