2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Бұл Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиаторлардың мәртебесін айқындайды. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанды делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни, тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады.
Медиацияның қолданылу саласы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар /дау-шаралар/ медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.
Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды/ дау- шарды/ реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді.
Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дау- шарды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді. Аталған келісім дереу іс жүргізуіндегі қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән- жай болып табылады және дау- шардлы реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді. Сонымен « Медиация- үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың- медиатордың қатысуымен дау- жанжалды шешудің баламалы әрекеттерінің бірі, ол тараптарды өзара бітімге келуге көмектеседі. Еріктілік, құпиялылық, тараптардың тең құқылығы, медиатордың бейтараптығы, процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен негізделеді»
Қысқаша айтқанда, медиация кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Яғни, жанжалдасушы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да кәсіби бітімгерге жүгінеді. Ол дауды тыңдаған соң, тиімді шешімді ұсынады. Медиация туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін, егер іс сотта қаралса, ол сотта бейбіт келісім секілді мақұлданады. Дауласушы тараптар медиация туралы келісім- шарт және сотқа дейінгі тәртіппен жанжалды реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, келісім дауласушы тараптар оны ерікті түрде орындауға міндеттеледі дегенді білдіреді. Ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жәбірленуші тарапқа келген залалдың орнын толтыру және оларды татуластыру арқылы дауды реттеу туралы келісім жасау әрі қарай қылмыстық қудалауды тоқтататын жағдай болып табылады, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67 бабы бойынша іс тоқтатылады.
Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп білеміз.
Нұрдәулет АШЕНОВ,
Арыс аудандық сотының судьясы.