Медиация технологиясының көптеген анықтамалары бар, олар оның ерекшеліктеріне, қолданбалы сипатына, салалық ерекшелігіне сүйенеді. Олардың барлығы медиацияны жанжал немесе дауды реттеу мақсатында үшінші тарап — делдалдың қатысуымен келіссөздердің ерекше технологиясы ретінде анықтайды. Мысалы, А.Я.Анцупов және А.И.Шипиловтың редакциялығымен конфликтологиялық сөздікте «медиация» термині делдалдық ұғымының синонимі ретінде қарастырылады, ол өз кезегінде осы басылымда «оппоненттерге жанжалды тоқтатуға мүмкіндік беретін мәселенің шешімін табуды оңтайландыру мақсатында үшінші бейтарап тараптардың дауға қатысуы» деп қарастырылған. Д.Кроули мен К.Грэмнің пікірінше, «медиация — дауласушыларға олардың арасында пайда болған түсініспеушіліктерді шешуге, оларды түсінуге және мүмкіндігінше олардың дауын шешуге бейтарап үшінші тараптың көмектесуі». Құқықтық мағынада медиация дауларды баламалы шешудің (ДБШ) бір түріне жатады. Ол, тараптар үшін міндетті шешім шығару құзыреті жоқ үшінші бейтарап тұлға – делдалдың қатысуымен және басшылығымен өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізудің технологиясы болып табылады. Медиация істің мәні бойынша өзара тиімді не өзара қолайлы шарттарды әзірлеуге және жасақталған шарттарға сәйкес тараптардың ерікті түрде келісім жасасуына бағытталған коммерциялық қатынастар саласында туындаған келіспеушіліктердің, жанжалдардың және даулардың соттан тыс реттеудің тетігі. Сондай-ақ, медиация жанжал қатысушылары бейтарап делдалдың көмегімен жоспарлы түрде мәселелерді мен оларды шешу жолдарын анықтайтын, баламаларын іздеп, олардың мүдделеріне сәйкес келетін консенсусқа қол жеткізуге ұмтылатын үдеріс болып табылады. Бұдан басқа, медиация дау – дамайға тартылған тараптарға үшінші, бейтарап, мүдделі емес тұлғаның – медиатордың көмегімен ерікті негізде өзара тиімді, олардың қызығушылығына жауап беретін өміршең келісімді жасауға мүмкіндік беретін әдіс.
Медиативтік ескертпе арқылы сотқа немесе өзге де құқық қолдану органына жүгіну үшін медиацияның міндеттілігі қажетті шарт ретінде тараптардың келіспеушіліктерін консенсуалды түрде шешімге келу талпынысынан тұрса да, жалпы барлық мемлекеттердің медиация саласындағы заңдарына тән қасиет, егер сотқа дейінгі тәртіппен жүргізілетін 13 медиация барысында тараптар дауды реттесе, оны сотта қарау және шешу қажеттігі жойылады. Сонымен, медиация рәсімі жүргізіледі: — сотқа дейінгі тәртіпте; — сот үдерісі барысында; — соттан кейінгі тәртіппен. Кез-келген жағдайда медиация соттан тыс рәсім болып табылады.
Назгүл ЫСҚАҚ,
Арыс қаласы бойынша кәсіби медиатор.