Прогрессивті мемлекеттік саясаттың және «жасыл» бағытқа ұмтылудың арқасында соңғы жылдары жаңғырмалы энергия секторы қуатты серпін алды. Экономиканы «жасылдандыру» еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі қағидаттарының бірі болып танылды. 2030 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімдегі жаңғырмалы энергия үлесінің нысаналы индикаторы 10 пайыздан 15 пайызға дейін өсті. Енді 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ 2035 жылға дейінгі болжам балансы 6 ГВт жаңғырмалы энергия көздерінің қуаттарын іске қосуды көздейді.
Бұдан әлемнің дамыған озат елдері табиғат ананы барынша қорғап, жасыл «жайлау» өмірге тезірек жетуге асығып жатқанын аңғарамыз. Осынау жасыл көш-керуеннің қатарына қазақ елінің ілескені қандай жақсы.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы қуаты 2388МВт болатын 130 жаңғырмалы энергия көздерінің нысаны пайдалануға берілді. Жалпы өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңғырмалы энергия көздерінің электр энергиясын өндіру үлесі 4,5 пайызды құраған. Негізі 2018 жылдан бастап жаңғырмалы энергия көздерінің жобаларын іріктеу бойынша аукциондық тетік іске қосылды. Ол шетелдік инвесторлар мен халықаралық даму институттары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Осы жосықпен 5 жыл ішінде аукциондарға әлемнің 13 елінен 232 компания қатысты. Сөйтіп, жаңғырмалы энергия секторы 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартты. Соның арқасында біліктілігі жоғары мамандарға 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды.
Соңғы жылдары еліміздің электр энергетикасындағы жаңа қуаттардың өсуі жаңғырмалы энергетика есебінен жүзеге асырылуда. Мәселен, 2019 жылдан 2022 жылдың соңына дейінгі жағдай бойынша әдеттегі стансалардың қуатына 311,5 МВт қарсы қуаты 1908,2 МВт жаңғырмалы энергия көздері пайдалануға берілді.
Аталған іскерлік қоғамдастығын шоғырландыру мақсатында бес жыл «Qazaq Green» Жаңғырмалы энергия көздері қауымдастығы құрылды. «Qazaq Green» құрамына жаңғырмалы энергия көздері нарығының барлық негізгі ойыншылары: инвесторлар, әзірлеушілер, жабдықтарды жеткізушілер, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары, университеттер кіреді. «Qazaq Green» Энергетика министрлігінде, Экология және табиғи ресурстар министрлігінде, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген. Бүгінде «Qazaq Green» өзінің табысты бастамалары ретінде «Qazaq Green» ақпараттық-талдау журналын және «жасыл» экономика бойынша qazaqgreen.com жаңалықтар порталын шығарып отыр.
Қазақстанда жаңғырмалы энергия көздерін дамытудың аса өзекті мәселелерін талқылау мақсатында «Qazaq Green» 2019 жылы алғаш рет «Solar fest Qazaqstan» жаңғырмалы энергия көздері бойынша халықаралық іскерлік фестивалін өткізді. Іс-шараның негізгі нәтижесі Хартия – жаңғырмалы энергия көздері іскерлік қоғамдастығы Үкіметіне үндеу болды. Онда секторды дамытудың маңызды мәселелері көтерілді. Айта кету керек, ол ұсыныстар мен талаптардың көпшілігі оң шешімін тапты.
Атап айтқанда, жаңғырмалы энергия көздері шағын ауқымды жобаларын енгізуді ынталандыру мәселелері, шартты тұтынушылардың төлем қабілеттілігі тәуекелдерін өтпелі тарифті енгізу арқылы төмендету шарасы, жаңғырмалы энергия көздері бойынша есеп айырысу-қаржы орталығының қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етілді, сондай-ақ еліміздің университеттерінде жаңғырмалы энергия көздері бойынша білім беру бағдарламалары іске қосылды, бұлармен бірге жаңғырмалы энергия көздері жобалары инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілді.
Аталған фестивальды Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Еуразиялық Даму Банкі, KAZENERGY қауымдастығы да қолдаған. Осыған қарап, әлемнің дамыған және оларға ілесуші елдері экологиялық таза және барлық игілікте үнемшіл өркениетке қадам басқанын анық көруге болады. Фестивальге қатысқандар алдында Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, Парламент Мәжілісінің депутаты Д.Тұрғанов, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Энергетика вице-министрі Ж.Нұрмағанбетов, ЕҚҚДБ Еуразия, Таяу Шығыс және Африка өңірінің энергетика жөніндегі директоры Аида Ситдикова, орнықты даму мәселелері бойынша отандық және халықаралық сарапшылар сөз сөйлеп, жасыл экономика бойынша өзекті мәселелерге деген өз ой-пікірлерін білдірді.
«Qazaq green fest» сессияларында Қазақстан Республикасы үшін энергетикалық көшудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары басты назарда болды. Жаңғырмалы энергия көздері секторындағы мемлекеттік саясат ашық айтылды. Оған қоса, елдегі электр энергетикасын дамытудың стратегиялық пайымы да назардан тыс қалмады. Жаңғырмалы энергия көздері жобаларын іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру мәселелері мен ESG-саясатының гендерлік және корпоративтік аспектілері, сондай-ақ көміртегі нарықтарын дамыту істері талқыланды. Сессияда бизнес өкілдері жаңғырмалы энергия көздері жобаларын іске асыру кезінде ұшырасатын проблемалары мен қиындықтары туралы ашық айтуға мүмкіндік алды.
«Qazaq Green Fest» аясында «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының базасында бағдарламаны тереңдетіп оқытып, үйрететін арнайы мектеп ашылғаны туралы мәлім болды. Ондағы курстар икемділік қағидатын ескере отырып әзірленген. Бұл оған қатысушылардың түрлі қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Аталған курсты жаңғырмалы энергетика саласына жаңадан келушілерге де, білімдерін жаңартқысы келетін тәжірибелі мамандарға да бейімдеуге болатынын білдіреді. «Qazaq Green» ЖЭК мектебінде оқытуды саланың сарапшы-практиктері жүргізеді.
Сонымен қатар фестивальда Қазақстанда алғашқы ерікті көміртегі сертификаты – «Qazaq green certificate» іске қосылатыны жарияланды. Бұл құралдың негізгі міндеті барлық ниет білдірген компанияларға корпоративтік деңгейде көміртегі ізін төмендетуін растау мүмкіндігін беру болып табылады. Бұл сертификатты «Qazaq Green» жаңғырмалы энергия көздері қауымдастығы «Каспий тауар биржасы» акционерлік қоғамымен бірлесіп әзірледі.
Іс-шараға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция, Германия, Қытай, Жапония, Өзбекстан, Ресейден 300-ден астам адам, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Visor Holding, ENI, Shell, KPO, NCOC, Air Liquide, Toyota Tsusho, Chevron, Tengizchevroil, Sany, Longi, Huawei және т. б. компаниялардың өкілдері қатысты.
Ел үшін игілігі мол іс-шараның қорытындысы бойынша Хартия – Жаңғырмалы энергия көздері іскерлік қоғамдастығының Қазақстан Үкіметіне үндеуі дайындалды.
«Qazaq green fest» – жаңғырмалы энергетиканы дамыту мәселелерін талқылау оны қажет еткен электр энергетикасы саласын трансформациялаудың қозғаушы күші болды деп санаймыз. Бүгінгі таңда жаңғырмалы энергия көзі секторының алдында маңызды міндеттер тұр. Ол жаңа өндіруші қуаттарды енгізу есебінен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұлармен бірге, халық пен кәсіпкерліктің шағын ауқымды ЖЭК-ті дамытуы, екіжақты келісімшарттар сегментін дамыту, энергия жинақтау жүйелерін пайдалану шаралары болып тұр. Сондықтан біз жаңғырмалы энергия көздері – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ең тиімді құрал деп санаймыз», деді «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.