Бүгінде Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен қала, кент және барлық ауылдық округтерде сенбіліктерді жүйелі түрде ұйымдастыру қолға алынған. Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, жер-жерлерде арнайы бекітілген кесте негізінде жұмыстар жүргізеді. Өйткені, қоғамның назарын тұрғылықты жердің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызы өте зор.
Бүгінгі өткізілген сенбілік аясында да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартты. Сонымен қатар, сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер тазаланды.
Коммуналдық сала мамандарының мәліметінше аталмыш тазалық жұмыстарына 900 адам мен 10-ға жуық техника қатысып, 50 тонна қоқыс шығарылған.
Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылғанын айтады.