«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы сәтті іске асып келеді
2021 жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленді. 4 жылға арналған ұлттық жоба еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған. «Ұлттық жобаны әзірлеу мақсаты — халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту. Оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау және халықтың экологиялық санасын жаңғырту», — делінген жобаның төлқұжатында. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 4 негізгі бағытты қамтиды.
Атап айтатын болсақ:
— «Таза Қазақстан»;
— «Үнемді Қазақстан»;
— «Табиғат»;
— «Экология болашағы».
Тұтастай алғанда аталған бағыттар бойынша 11 міндет, 19 көрсеткіш және 48 іс-шара жүктелген. Тарқатып айтар болсақ, ұлттық жобаның бірінші бағыты еліміздегі негізгі экологиялық мәселелерді шешуді көздейді. Оның ішінде атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сынды мәселелерге басымдық беріледі. Аталған бағыт аясында алдағы бес жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20 пайызға төмендету жоспарлануда. Жоба аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы бағыт шеңберінде Қызылорда облысында полигондарды экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту арқылы қалдықтарды өңдеу үлесін 24,5 пайыздан 27,5%-ға арттыру және аудан, қала әкімдіктерімен бірге коммуналдық қалдықтарды басқарудың бағдарламасын әзірлеу жоспарланған. «Сонымен қатар, су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған», — делінген құжатта. «Үнемді Қазақстан» деп аталатын екінші бағытта табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылмақ. Нақтырақ айтар болсақ, «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 10-ға жуық жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Одан бөлек, өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін арттыру жүктелген. Ал, «Табиғат» атауымен бекітілген үшінші бағытта биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту міндеті қойылған. Яғни сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын іске асыруға бағытталған. Ұлттық жобаның ең соңғы бағыты халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналып отыр. «Экология болашағы» деп аталатын бағыт бойынша Қызылорда облысында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтатын болсақ, облыс аумағында экологиялық құндылықтарды нығайту және қалдықтарды бөлек жинауды насихаттау мақсатында түрлі экологиялық акциялар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ, бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, қолайлы экологиялық орта қалыптастыру, қалдықтарды өңдеу мен жою мен полигондарды талаптарға сәйкестендіру шаралары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұдан бөлек, елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру, жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету және елді мекендерді тазалық пен көгалдандыру шараларына ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп жатыр. Аталған конкурсқа облыстық бюджеттен 467,4 миллион теңге бөлініп отыр. Сайыс жеңімпаздары «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациялары бойынша тәуелсіз сарапшылық комиссияларымен анықталады. Конкурс жеңімпаздарына 10-нан астам техника табысталатын болады. Оның ішінде жер қазатын трактор, самосвал автокөлігі сынды 5 техника үлгілі ауылдарға арналып отыр. Қорытындылай келе, ұлттық жобаны іске асыру халықтың нақты кірістерінің ұлғаюына, ішкі жалпы өнімнің 231 миллиард теңгеге өсуіне ықпал етпек. Сондай-ақ, 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қай жағынан алсақ та, ұлттық жобаның артықшылықтары мол. Бастысы ұлттық жоба – ұлт саулығына тікелей әсер ететін бағыттарды қамтиды. Өз кезегінде аталған жоба еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізер деген үміттеміз.