Әр ұлт пен ұлыстың табиғатты пайдалануда, қорғауда ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрлері, нанымдары, құндылықтары болатыны белгілі. Бұл әкенің қанымен, ананың сүтімен ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз дарып отыратын асыл қасиет.
«Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі» демекші, қазақ халқының дәстүрінде «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптаскан. Жерді өз анасындай көру, ал анасын күндей қастерлеу – ұлтымыздың нанымына тереңінен енген салт. Олай деуге себеп, «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Жер жәннаты – Жетісу» сынды бірауыз сөздер арқылы бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын, құрметін білдірген.
Алайда әлемдегі шиеленіскен экологиялық мәселелер адамдардың өмір сүру ортасына деген көзқарасын біршама өзгертті. Көз ілестірмес жылдамдықпен дамып жатқан заманда жаңа инновациялық технологиялар, жаңа әлеуметтік институттар, өндіріс орындары пайда бола бастады. Бұл факторды адамдардың өмір сүру салтының трансформацияға ұшырауымен, сәйкесінше сұраныс деңгейінің арта түскендігімен байланыстыруға болады. Ендігіде адамдар экологиялық апаттан қалай құтылуды емес, керісінше оның экологиялық-мәдени салдарын қалай жеңілдетуге болады деген сұрақтардың жауабын іздей бастады.
«Жергілікті экологиялық мәселелер – тұрғындардың тіршілік ету салтының ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Демек жергілікті қоршаған ортаның жағдайы, ерекшелігі, табиғат заңдылықтары мен құбылыстары ғасырлар бойы сол аумақта мекендеген тұрғындарға ғана жете түсінікті. Олардың тіршілік ету салты, дәстүрі, наным-сенімдері сол аумақтың табиғи, географиялық ерекшелігі негізінде қалыптасады. Сондықтан экологиялық білім мен мәдениет қалыптастыруда әр ұлттың этноэкологиялық ерекшеліктері ескеріледі», деп есептейді биология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, жаратылыстану факультеті, қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Аманбек Зандыбай.
Ғалымның пікіріне қарағанда, ұлтымыздағы экологиялық мәдениеттің қалыптасуы табиғат заңдылықтарына тікелей қатысты. Шындығында, мәдениет түсінігінің шығу тегіне сүйенер болсақ, адамның табиғатқа қатынасы үнемі мәдениетпен «өңделіп» отырды. Себебі адам табиғатты өзінің қажеттіліктерін қанағаттандырудың негізгі тəсілі ретінде қабылдады, арадағы байланыс ешқашан үзілмейтінін жақсы түсінді, сондықтан табиғатпен байланысын күшейтті. Осыдан қоғамда «экологиялық мәдениет» деген ұғым қалыптасты. Ерте заманда адамдар табиғатпен тікелей байланысқа түсіп, бар қажетін сол арқылы қанағаттандырып отырса, ал қазіргі индустриалды қоғамда бұл байланыс түрі жаңа деңгейге шықты, трансформациялық өзгерістер орын алды. Алғашында пайда болған экологиялық мәдениет көрінісін қазіргі заманның экологиялық мәдениетімен салыстыруға келмейді. Мұны экологиялық мәдениеттегі «дағдарыс» деп түсіндіруге болады. Дағдарыстың басты себебі – адамдардың қаншалықты озық технология, заманауи инновациялық құрал ойлап тапқанымен, еш уақытта табиғаттан алшақ кете алмайтынын жете түсіне бермейтіндігінде.
«Экологиялық мәдениет – қоршаған ортаны қорғау мен қалпына келтірудегі ең басты құрал. Жеке тұлғаның экологиялық мәдениеті, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі санасында болмаса, қатал заңмен, мол қаражатпен, қара күшпен, озық технологиямен табиғатты қорғау немесе қалпына келтірем деген бос әурешілік», дейді Аманбек Зандыбай.
Тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Жамбыл Артықбаевтың пікірінше, тірі табиғатқа, тіпті тірі атаулының барлығына жан ашу, аяу жəне махаббат идеясы – өте ежелгі идея. Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез келген тіршілік иесінің өмірдің əрбір көрінісіне деген сүйіспеншілік, əрбір тіршілік иесінің азабын түсіне білу, оған жанашырлықпен қарау – адам мəнінің, адам жанының негізгі қыры.
«Қазіргі кезде қазақтың дəстүрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар, нанымдар, салт-жоралар өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Мәселен, «бір тал кессең, он тал ек», «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма», «судың да сұрауы бар» жəне т.б. аталы сөздердің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қалыптасып отырған күрделі экологиялық мəселені шешу мақсатында қазақтың дəстүрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар мен нанымдарды, салт-жораларды бүгінгі күні ұрпақ тəрбиесіне пайдалану экологиялық мəдениетті қалыптастыру үдерісін барынша тиімді етпек», деп түйіндеді Жамбыл Артықбаев.
«Тәрбие тал бесіктен», демекші, егер әр отбасы тұрмыс салтында, бала тәрбиесінде жоғарыда аталып өткен факторларды ескеретін болса, демек, қоғамда экологиялық мәдениет жаңғыра түсер еді.
Индира ЖҰМАГЕЛДІ