Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының 2023 жылға бекіткен тазалық жұмыстарының іс-шара жоспарына сәйкес, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров Жаңа Иқан ауылдық округіне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.
Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Асылбекұлы тазалық жұмыстары және көше бойларының қасбеттері бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, мерзімінде орындауды міндеттеді. Берілген тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл тұрғындарын елді мекен тазалығын сақтауға, ауылды абаттандыру және көркейтуге үлес қосуда белсенді болуға шақырамыз.
Жалпы өткізіліп келе жатқан тазалық шарасының нәтижесі көңілге қонымды. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда көрініс бірте-бірте реттеліп келе жатқаны көзге көрініп тұр. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлық танытып, әдетіне басқан тұрғындардың қоқыстарын тазартылған аумақтарға тастап кеткен жағдайлары көңіл құлазытты. Сол тазартылған аумақтарды әрмен қарай ұқыппен қарап, бүлдірмей ұстап отырудың орнына қаланың сыртқы аумақтарына қоқыстарын тастаумен әлек. Тіптен сенбілік жұмысына жауапкершілікті сезініп, тізе бүгіп атсалысқан бірде бір қала тұрғынын көре алмадық. Сонда тазалық кімге керек?!
Аймақтың тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын!