«Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген экономиканы одан әрі дамыту және әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру міндеттері аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық сектордың рөлін кеңейту жолымен жаңғыртылды.
Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық салдарымен емес, оның көріністеріне жол беретін алғышарттарды жоюға, сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі төмендетуге бағытталып, алдын алудың кешенді шараларымен толыққан мемлекетіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылып отырған ауқымды реформалар арқасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи заңнаманың тәсілдері мен келбеті айтарлықтай өзгерді.
Дегенмен, жемқорлықпен күрес саласының негізін қалаушы заң азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық негізінде туындайтын қауіптен сақтауға, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік функцияларды атқаратын лауазымды және басқа да тұлғалардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 18.11.2015 жылғы Заңы болып табылады. Аталған заң жемқорлықпен күрестің негізгі принциптерін, жемқорлықпен қатысты құқық бұзушылықтардың түрлерін және жауапкершіліктің пайда болу шарттарын анықтайды. Сондай-ақ, демократиялық бастаулардың, мемлекеттік бастаулардың өрістеуіне, мемлекетті басқарудағы жариялылық пен бақылауға, халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімін ұлғайтуға, білікті мамандардың мемлекеттік қызметке түсуіне ынталандыруға, мемлекеттік функцияларды атқаратын тұлғалардың жемқорлыққа жол бермеуіне жағдай жасауға бағытталған.
Жемқорлықты жою – еліміздің фундаменталды құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі. Азаматтық қоғамның барлық секторларымен, барлық мемлекеттік органдарымен, бизнес өкілдерімен ынтымақтастықта ғана осы мәселені шешіп, Қазақстанның гулденуіне жағдай жасай аламыз.
2015 жылдың 18 қарашасында қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру секілді алдын алу институттары алғашқы рет көрініс тапты.
Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үш бағытқа негізделіп құрылады. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жазалаудың бұлтартпастығы.
Бүгінгі күні еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың таралу жағдайы мен үрдістерін талдау нәтижелері оны жасауға ықпал ететін факторлардың ішінде халықтың құқықтық мәдениет деңгейінің төмендігі және халықтың сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи тетіктері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын тиімді іске асыруға мүмкіндік туғызды. Бұл, алдымен, қабылданған шаралардың арқасында сыбайлас жемқорлықтың латентті болмай бара жатқанына байланысты. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін мерзімнің ескеруі қолданылмайтынын атап өтуге болады.
Сыбайлас жемқорлық заңнамасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – бас бостандығын айыруды көздемейтін қылмыстық-құқықтық тетіктердің енгізілуі болып табылады. Еселенген айыппұлдар, мүлікті тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру сияқты институттар кешенді қолданылып, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралы ретінде қызмет етеді. Бұл жаңа құрал қылмыстық заңнаманы гуманизациялау бойынша реформаның логикалық жалғасы болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімді іске асырылуына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға көмектесетін тұлғаларды көтермелеу және мемлекеттік қорғау институты жағдай жасайды.
Қазіргі таңда бұл мәселеге еліміздегі мемлекеттік органдар өте үлкен көңіл бөледі. Елімізде жемқорлықпен күреске нақты қадамдар қолға алынуда. Барлық деңгейдегі депутаттардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, бизнес қауымдастығының, жастар ұйымдарының, ғылыми орта мен БАҚ қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылған. Аталған шаралар жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Алайда жемқорлықпен күрес әлі өзекті мәселе болып отыр. Осы орайда, қоғамымыздың дамуы үшін аталған мәселемен күресте барлық Қазақстан Республикасының азаматтарының үлес қосуы тиіс.
Өзара сенім, жауапкершілік пен серіктестік негізінде мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерінің бірігуі, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоятынына сенімдімін.
З.АЙТЖАНОВА,
Қызылорда облысы,
Арал ауданаралық әділет басқарма басшысының м.а.
ҚР «Заңгерлер одағының» мүшесі.