Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, әлемдегі халық саны 2030 жылға қарай 8,2 миллиардқа жетуі мүмкін. Осы аралықта халықтың жыл сайынғы өсімі дамушы елдерде 1,1 пайызды, дамыған елдерде 0,4 пайызды құрайды. Адамзаттың энергияға деген қажеттілігі негізінен энергия ресурстарының үш түрі, яғни органикалық отын, су және атом ядросы есебінен қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі таңда энергияның ең басты көзі – органикалық отындар. Себебі, осындай отын ресурстарын жағу есебінен энергияның 90 пайызы өндіріледі. Жалпы, әлемде энергия теңгерімінің мұнай – 40,1, көмір – 27,8, табиғи газ 22,9 пайызын құраса, дамыған елдерде мұнай мен мұнай өнімдері негізінен көлікке отын ретінде пайдаланылады. АҚШ-та мұнай елдің жалпы энергия теңгерімінде 44 пайызды, ал, электр энергиясын алуда 3 пайызды ғана құрайды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 1 баррель мұнайдың бағасы 10,82 АҚШ долларын құраса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 145,31 АҚШ долларына жетті. Бұдан 50 жыл бұрын 1 баррельдің қуаты 50 келі мұнай өндіруге жеткілікті болса, яғни 50 келі мұнай өндіру үшін 1 келі энергия жұмсалса, сексенінші жылдары мұнайды жеткізу шығындарын қоса есептегенде бұл көрсеткіш 1,5 есеге дейін төмендеді. Мамандардың есебі бойынша болашақта бұл арақатынас 1:1-ді құрайды, яғни өндірілген мұнай энергиясы оны өндіруге жұмсалатын энергияға тең болады. Қазіргі уақытта әлемнің ірі кен орындарында мұнай мен газ өндірудің қарқыны барынша жоғары.
Мемлекеттің экономикалық дамуында энергия ресурстарының маңызы өте зор. Кез келген елдің экономикалық қуаты бірінші кезекте оның отын-энергетика кешенінің әлеуетімен анықталады. Бұл көрсеткіш энергия ресурстарының тұтынуға қатынасын білдіретін энергиямен қамтамасыз ету коэффициентімен (ҚЕК) анықталады. Мәселен, ҚЕК < 1 болса, ел энергия ресурстарын импорттайды, егер ҚЕК > 1 болса, онда сауда балансында экспорт басым деген сөз. Соңғы он шақты жылда органикалық отын ресурстарымен өзін-өзі қамтамасыз етуде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Канада және мұнайға бай араб елдері көш басында келеді.
Негізінен, барлық энергия көздері екі сыныпқа бөлінеді; жаңғырмалы және жаңартылатын энергия көздері. Жаңғырмалы энергия көздеріне жел, күн, биомасса, геотермалды су, «жасыл экономика» жатады. Жаңғыртылатын энергия көздері негізінен табиғи шикізат қорларынан тұрады. Оларға ядролық отын, көмір, мұнай және газ жатады. Егер бүгінде осының есебінен бастапқы энергия ресурстарына деген әлемдік қажеттіліктің шамамен 40 пайызы жабылса, 2030 жылға қарай жаңғыртылған энергияға деген сұраныстың 20 пайызын қамтамасыз ете алады. Мамандардың болжамы бойынша жаңғырмалы энергия көздерінен алынатын қуат 2030 жылдан кейін қарқынды түрде арзандай береді. 2040 жылы күн батареяларынан алынатын энергия қазіргі деңгеймен салыстырғанда 66 пайызға, жел энергиясы 47 пайызға арзандамақ. Егер бүгінде жел мен күн әлемдік энергия қуатының 5 пайызын құраса, 2040 жылы ол екеуі барлық энергияға деген қажеттіліктің үштен бір бөлігін қамтамасыз етеді.
Ғалымдар мен сарапшылардың айтуынша, қазіргі ауа райы сақталып отырса, 2100 жылға қарай жер бетіндегі температура 4 градусқа дейін көтерілмек. Бұл әлемдік климаттың өзгеруіне, дауыл мен су тасқынының жиілеуіне және құрғақшылыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде экологиялық және климаттық проблеманы туындатады. Жаһандық жылынуға орай климат өзгерісінің қазіргі қарқыны әлемдік экономикаға айтарлықтай қатер төндіріп отыр. БҰҰ-дағы климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық сарапшылар тобының бағалауынша, климаттың өзгерісінен әлемдік экономикаға келетін шығын көлемі шамамен 1,5 трлн. АҚШ долларын құрайды. Осыған байланысты сарапшылар әлемдік қоғамдастыққа температураның өсуін кемінде 2 градус деңгейде ұстап тұруға күш салуды ұсынып отыр. Бұл жаһандық апаттардың алдын алуға, ауыл шаруашылығы құрылымдарының шығынын төмендетуге мүмкіндік беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 2035 жылдан бастап көмірді тұтыну көлемі қысқарып, ауаны көмірқышқыл газымен ластау деңгейі төмендемек. Осы ретте әлемдегі жаңғырмалы энергия көздеріне жұмсалатын инвестицияның басым бөлігі Қытай мен Үндістанның үлесінде екенін айта кеткен жөн.
2015 жылы БҰҰ-ға мүше 195 мемлекет Парижде өткен саммитте қоршаған ортаның температурасын 1,5 градусқа дейін шектеу туралы келісімге қол қойды. Париж келісімінің маңыздылығы – жаһандық іс-қимыл бойынша климаттың өзгеруінің алдын алып, ұзақ мерзімді перспективаға негізделген стратегияны анықтау. Осы келісімнің ең басты ерекшелігі – климаттық өзгерістер үшін дамыған және дамушы елдерге бірыңғай жауапкершілік жүктелген. Егер 1997 жылы әзірленген Киото хаттамасы тек дамыған елдерді қамтыса, Париж келісімі дамушы елдерге де біршама жауапкершілік міндеттейді.
Бұл келісім процеске қатысушылардың, соның ішінде Қазақстан үшін климаттың өзгеруіндегі проблемаларды шешуде, ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде басты стратегия болып табылады. Қазақстан Париж келісіміне қатысты тиісті міндеттемелерді орындап, қол жеткізген нәтижелер туралы бес жыл сайын есеп беріп отыруға міндетті. Париж саммитінде Қазақстан жаһандық климаттың өзгеру қарқынын азайту мақсатында парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға дейін 1990 жылдың деңгейінен 15 пайызға төмендетуге және 25 пайыз шектеуді қамтамасыз етуге міндеттеме алған. Қазақстан 2030 жылға қарай газ шығарындыларын 330 миллион тоннадан асырмауы керек. Осы міндеттемені жүзеге асыру аясында елімізде парник газдарын шығаруды азайтуға ықпал ететін жобаларды қолдау, қалдықтарды шығаруға арналған квотаны сату, қаржы нарығын дамыту сынды шаралар қолға алынуда.
Қазақстан осы мақсаттарға қол жеткізу үшін энергияның жаңартылатын көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, қоршаған ортаға антропогендік жүктемені азайтуды көздейді. Мұның негізгі тетіктерінің бірі – көміртегісі төмен «жасыл экономикаға» көшу. Мәселен, 2,7 млн. шаршы шақырымнан астам аумақта орналасқан Қазақстанда жаңғырмалы энергия көздерінің орасан зор қоры іс жүзінде өзіндік қажеттіліктерінен әлдеқайда асып түседі және көптеген жылдар бойы өзін-өзі қамтамасыз етуге қауқарлы. Қазақстанда 2009 жылы ТМД елдерінде бірінші болып «Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуды қолдау туралы» арнайы заң қабылданып, оған қол жеткізудің нақты индикаторлары мен атқарылатын шаралары айқындалды. Еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіне Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі қуатты серпін берді. Көрмеде ғылым мен техниканың, баламалы энергия көздерінің үздік әлемдік жетістіктері ұсынылды.
Қазақстандағы баламалы энергия көздерінің әлеуеті елдегі электр тұтыну мөлшерінен әлдеқайда асып түседі. Еліміз жан басына шаққанда баламалы энергия ресурстары бойынша әлемде бірінші орын алады, оның ішінде жел энергиясының әлеуеті жылына 1820 млрд. кВт/сағат деңгейінде бағаланады. Қазақстан – күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы елдердің бірі. Жел энергетикасының тиімділігі еуропалық елдермен салыстырғанда екі есе жоғары. Күн энергетикасы жөнінен еліміз әлемнің ең үздік аймақтарымен теңдеседі. Қазіргі уақытта Қазақстанда жаңғырмалы энергия өндіретін 65 нысан, нақты айтқанда, 12 жел стансасы, 19 күн стансасы, 33 гидроэлектрстанса, 1 биогаз қондырғысы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндік көбейіп келеді. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, пайдаланылған энергия ресурстарының 70 пайыздан астамы көмірден, 20 пайыздан астамы газдан алыныпты. ГЭС-тен алынған энергияның үлесі 10 пайыз шамасында.
Алайда, республикадағы экологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Қазақ-станда 1 АҚШ доллар жалпы ішкі өнімге 500 грамм табиғи қазба отын жұмсалады. Бұл көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда 5-6 есе көп. Ал, жалпы ішкі өнімнің бірлігіне шаққанда біздегі парниктік газдардың шығарындылары көрші елдерге қарағанда екі есе көп. Осы деңгейдегі парниктік газ шығарындыларын төмендету үшін жаңа технологияларды енгізуге Қазақ-станның әлеуеті жетеді. Бұл, біріншіден, адами капиталға байланысты. БҰҰ-ның соңғы мәліметі бойынша республика халқының 70 пайызы білімді әрі еңбекке қабілетті. Екіншіден, Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуеті мол. Үшіншіден, елімізде жаңғырмалы энергетика белсенді дамып келеді.
Экономиканың бұл моделі елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі ретінде танылып отыр. «Жасыл экономика», бұл – экономикалық теориядағы жаңа бағыттардың бірі. Ол табиғи ресурстарды «табиғи капитал» ретінде қарастырады. «Жасыл экономика» климаттың өзгеруі, пайдалы қазбалардың сарқылуы және су ресурстарының тапшылығы сияқты жаһандық қауіптерге қатысты тәуекелдерді төмендетеді. Электр және жылу энергиясының генерациясы, газ өндіру, су ресурстарын пайдалану, ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамыту, өнеркәсіп қалдықтарын басқару мен тұтыну, көлік және жол инфрақұрылымы «жасыл экономиканың» негізгі секторлары болып саналады. Жасыл экономикаға көшудің тиімді бірнеше факторы бар. Ол бірінші кезекте экономикалық дамуға жағдай жасап, ішкі жалпы өнімнің өсімін, табысты ұлғайтуға, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендете отырып жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу конвенциясында көрсетілгендей, елімізде баламалы энергияның үлесі 2030 жылға қарай 3 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі керек. Халықаралық сараптама бойынша жасыл жобаларға салынған инвестицияның 2/3-і өзін-өзі ақтаса, 1/3-і бес жыл көлемінде шығынсыз деңгейге қол жеткізеді. Одан бөлек, инвестицияның тиімділігі 50 пайызды құрап, оның өзін-өзі ақтау мерзімі екі-үш жылдан аспайды. Сондықтан «жасыл экономикаға» салынған инвестиция активтердің жылдам өсіп келе жатқан санатына кіреді. «Жасыл экономиканы» дамыту арқылы ауаны зиянды қалдықтардан тазартуға, табиғи қорларды үнемдеп тұтынуға, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткізе аламыз.
Қамбар МҰСАБЕКОВ,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор.