Әлемде қалыптасқан даму үрдістеріндегі тұрақсыздық, жаһандық экономиканың турбуленттілігі, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторлардың күннен-күнге күшейе түскен теңгерімсіздігі індеттен кейінгі кезеңде экономиканың жаңа моделін қалыптастыру қажеттілігін туындатып отыр. Мұндай қалыптасу ХХІ ғасырда бүкіл адамзат үшін басты мәселе болған «жасыл экономика» және тұрақты даму парадигмасы шеңберінде іске асырылуы тиіс.
«Жасыл экономика» (green economy), жасыл өсу негізіндегі экономика (green growth), төмен көміртекті экономика (low-carbon economy), биоэкономика (bioeconomy), көк экономика (blue economy) және басқалары сияқты экологиялық факторлар ескерілетін экономика модельдері тұрақтылық тұрғысында сөз болып отыр. Жаңа «гибридтік» түрлер де пайда болып жатыр, мысалы, циркулярлық биоэкономика (circular bioeconomy). Алайда жалпы алғанда, экологиялық және әлеуметтік құраушылардың қажетті тепе-теңдігін қамтамасыз етуге қазіргі экономикалық жүйенің күші жетпейді. Табиғи ресурстарды түгесуге негізделген даму барысы ұзақмерзімді перспективада тұрақтап қала алмайды. Жер шарындағы адам саны 2040 жылға қарай 7 миллиардтан 9 миллиардқа дейін өсетінін, ал орта кластағы тұтынушылар саны кейінгі 20 жылда 3 миллиард адамға көбейетінін ескерсек, ресурсқа деген сұраныс геометриялық прогрессиямен артпақ. 2030 жылға қарай әлем халқының азық-түлікке сұранысы ең азы 50%-ға, энергияға – 45%-ға, ал су ресурстарына сұранысы 30%-ға артады және мұның бәрі қоршаған орта ахуалының көрсеткіштері экономиканың экстенсивті өсуіне жаңа шектеулер қоятын уақытпен қатар жүреді. Оған қоса, алдағы онжылдықта азық-түлік бағасының бүкіл әлемде 30-50%-ға өсетінін назарға алсақ, баға тұрақсыздығы арта түседі және миллиондаған адамның жағдайы нашарлайды.
Осындай қордаланған мәселелердің шешімі – өндірістік секторларда жаппай жасыл экономиканы дамыту болмақ. Әлі күнге дейін «Жасыл экономика» терминінің нақты анықтамасының жоқтығы және жасыл экономика анықтамасының халықаралық деңгейде келісілген анықтамасының белгіленбегені өкінішті жайт және таяудағы жарияланымдарда осы терминнің сегізге жуық анықтамасы жарияланды. Бүгінде дәйексөз ретінде ең жиі айтылып жүргені UNEP анықтамасы, онда «Жасыл экономика» – келешек ұрпақты экологиялық қатерлерге ұшыратпайтын және экологиялық ресурстардың тапшылығын төмендететін, адамдардың әл-ауқатын ұзақмерзімді перспективада жақсартуға әкелетін тауарлар мен қызметтерді өндіруге, таратуға байланысты экономикалық қызмет (UNEP 2012). «Жасыл экономиканың» тек ұғымдық мағынасының даму қарқыны дүниежүзілік қауымдастықтың жасыл болашаққа қарай бет алғанын көрсетіп отыр. Бұл – шындық әрі заман талабы.
Осы терминнің мағынасына бойламай тұрып, оның шығу тарихына көз жүгіртіп көрейік. «Жасыл экономика» термині алғаш рет 1989 жылы пайда болды. Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің үкіметіне арнап бір топ эколог-экономист әзірлеген «Жасыл экономика жоспары» (Pearce, Markandya, and Barbier 1989) деп аталатын баяндамада осы термин қолданылды. 2008 жылы көптеген жаһандық дағдарысқа қарсы саяси амалдар жасау туралы пікірталаста осы термин тағы да ауызға ілікті. Қаржы дағдарысына және жаһандық рецессияға алаңдаушылық танытқан ЮНЕП «жасыл ынталандырмалар пакеті» идеясын жақтап, ірі ауқымды мемлекеттік инвестициялар «жасыл экономикаға» серпін беретін нақты салаларды айқындады (Stone 2011). Осының нәтижесінде, бірнеше елдің үкіметі экономиканы қалпына келтіруге күш сала отырып, маңызды «жасыл ынталандырма пакетін» енгізуді қолға алды.
Кейінірек, 2008 жыл мен 2012 жыл аралығында бірінен кейін бірі «жасыл экономика» тұжырымдамасының маңыздылығына дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аудартқан бірқатар оқиға болды, олардың ішінде: 2009 жылы жоғарыда айтылған алғашқы «Жасыл экономика жоспарының» авторы Эдвард Барбьер «Жаңа жаһандық жасыл бағыт» баяндамасын жазды, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы «Жасыл экономиканы» 2010 жылғы наурыз конференциясында басты тақырып етіп көтерді. Оған қоса, 2010 жылғы ақпанда премьер-
министрлер мен ЮНЕП делегациясының басшылары Нуса-Дуада өткен премьер-министрлер деңгейіндегі Қоршаған орта жөніндегі жаһандық форумда жасыл экономика тұжырымдамасы ағымдағы бірқатар қиындықты шеше алатынын және әлемдегі барлық мемлекеттерге экономикалық дамуға мүмкіндік беретінін және пайдасының зор екенін өз мәлімдемесінде мойындады.
Бұл жаһандық жағдаят біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Соңғы 10 жыл ішінде жаһандық климат өзгерістері, экономиканың энергия сыйымдылығының төмендеуі және тұрақты даму сияқты проблемалар жоғарғы деңгейде талқыланып жатыр. Осылардың нәтижесінде, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша 2013 жылғы 30 мамырда «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама әзірленіп, қол қойылды. Тұжырымдамада, бірінші кезекте, экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттердің тізімі ұсынылды.
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі — Тұжырымдама) Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, «жасыл экономикаға» көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар үшін негіз қалайды (Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама, 2013).
Тұжырымдаманы үш кезеңмен: 2013 жылдан бастап 2050 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. «Жасыл экономикаға» көшу бойынша шаралар Тұжырымдамаға сәйкес мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: су ресурстарын тұрақты пайдалану, тұрақты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтау және тиімді басқару.
Экономиканы «жасылдандырудың» стратегиялық маңыздылығы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында атап көрсетілді. Стратегиялық құжаттар мен Президент жолдауларында қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін «жасыл экономикадағы» ғылымды дамыту маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның экономикалық даму жағдайын, сондай-ақ «жасыл экономикаға» көшуге тікелей тартылған өндірістер салаларының жай-күйін ескерсек, іргелі ғылым мен ғылыми қоғамдастықты қолдау – Тұжырымдаманы іске асыру үшін негіз қалаушы рөл атқарады. A.Newton, E.Cantarello «Жасыл экономикаға кіріспе. Ғылым, жүйе және тұрақтылық» (2014) еңбегінде атап өткеніндей, тұрақты даму мен «жасыл экономиканы» енгізудің ғылыми қағидаттары тиімді, жүйелі тәсілдің негізі болып табылады. Авторлар өз кітабында «жасыл экономиканы» табысты және іс жүзінде енгізу жолын жүйелеу барысында экология, география, әлеуметтік ғылымдар, психология, тұрақты даму туралы ғылым, құқық және экономика сияқты іргелі ғылымдардың қағидаттарын атап көрсетеді. Көптеген зерттеуге сай АҚШ-тың ғылымға салған бір доллары нәтижесінде екі доллар болып қайтатыны дәлелденіп отыр. Даму жылдамдығы әртүрлі болғанымен, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер (ҒЗТКӘ) барлық бағыттар бойынша экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады.
Демек, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында өз алдына өршіл мақсаттар қойған Қазақстан ғылым мен ғылыми қоғамдастыққа көбірек көңіл бөліп, қолдау көрсетуі қажет. UNESCO (2019) статистикалық зерттеулеріне сәйкес Қазақстан ҒЗТКӘ-ге ішкі жалпы өнімнің 0.12% жұмсайды, салыстырып қарасақ, алдыңғы қатарлы елдер бұл рейтингте 3.37% (Швейцария), 4.81% (Корея Республикасы) және 4.95% (Израиль) жұмсайды.
Сонымен қатар Boras I, Khan және Kumar (2019) зерттеулеріне сәйкес, жасыл технологиялардың жаһандық нарығының сыйымдылығы 2019 жылдың соңына қарай 8.49 млрд $ USD құрады, ал 2027 жылға қарай оның 48.36 млрд $ USD дейін өсуі болжануда. Бұл әлемнің ірі экономикалары мен әлемдік корпорациялар осы сектордағы өз орны үшін агрессивті күресіп, инвестицияларды қарқынды түрде жасылдандыратынын білдіреді. Нәтижесінде, бағдарлай алмайтын және осы трендке қарсы тұра алмайтын елдер экономикалық өсу қарқыны бойынша тізімің соңында болулары мүмкін. Бұл болашақта жасыл экономиканы белсенді дамытудың шұғыл қажеттілігін тағы да растайды.
Жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерді ескерсек, біздің еліміз жасыл ғылымды дамыту бағытында табысты да сенімді қадамдар жасап отырғанын байқауға болады. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында ҒТД, ҒТК (Ғылыми-техникалық кеңес) және «Жасыл көпір» институты базасында 2019 жылғы 29 қарашада 98-ден астам маманның: корпорация өкілдері, мемлекеттік қайраткерлер және республиканың барлық салаларында «жасыл экономиканы» ілгерілетуге қызығушылық танытқан және осы іске тікелей тартылған ғалымдардың басын қосқан Ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Кеңестің төрағасы қызметін Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов атқарып келеді.
Осы ҒТК сараптау платформасы құрылғалы бері еліміздің жасыл дамуы саласында ұсынылған ғылыми-техникалық және өзге де жобалардың іске асырылуын кешенді бағалау бойынша ауқымды жұмыстарды атқарды; «жасыл экономика» саласындағы ғылыми және индустриялық-инновациялық жобаларға ғылыми сараптамалар мен сараптамалық сүйемелдеу жүргізді; жоспарланған жасыл жобалардың жергілікті жағдайларға бейімделуіне бағалау және тағы басқа жұмысты жүргізді.
Қазіргі уақытта Ғылыми-техникалық кеңес 4 мәжіліс өткізді, онда Қазақстан Президенті Әкімшілігінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің сұраулары және депутат сауалдары бойынша маңызды құжаттар және «ХЖТИЖО» КеАҚ-қа еліміздегі ҒЗИ, ЖОО және ғалымдардан келіп түскен жобалар қаралды.
ҒТК-ге келіп түскен жобалардың ішінде ел экономикасын «жасыл» рельстерге бағыттауға негізделген жоба – «Қазақстан Республикасының төмен көміртекті даму стратегиясы: трансформация мақсаттары мен жолдарын» (ТКДС) атап өткен жөн. ҒТК мүшелері ТКДС талқылай келе 24 ескертпе мен 14 ұсыныс берді, олардың негізгілері – ұсынылған деректердің дәлсіздігі және Қазақстанның отын-энергетика секторының өзекті проблемаларының ескерілмеуі болып табылады. Нәтижесінде, ҒТК ТКДС мақсаттарын іске асыруға және Қазақстан Президенті Жолдауларының міндеттерін орындауға баға жетпес үлес қосты, ал ғылыми қоғамдастықты осындай стратегиялық маңызды құжатты әзірлеуге тарту елдің жалпы тұрақты дамуындағы ұлттық ғылымның құндылығын көрсетті.
Сонымен қатар Ғылыми-техникалық кеңес жұмыс барысында қалдықтармен жұмыс істеу, суды тиімді пайдалану, жасыл көлік және тұрақты ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша 20 «жасыл» жоба бойынша қорытынды берді.
Бұған қоса, ХЖТИЖО ғылыми-технологиялық даму офисінің базасында «Жасыл Көпір» институтын құру жөнінде бастама көтерілді. Бұл институттың қызметі ел ауқымында «жасыл экономиканы» дамыту бағытында білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін жүйелендіруге арналған. «Жасыл Көпір» институтының миссиясы – бір жағынан республиканың ЖОО-лары мен ҒЗИ арасында өңірлік үйлестіруші және байланыстырушы буын болу, екінші жағынан дүниежүзілік қауымдастық, ұйымдар, корпорациялар және ірі халықаралық инвестициялар ұсынып отырған жаһандық «Жасыл» күн тәртібінің рөлін атқару. Институт қызметі жасыл технологиялар мен жасыл экономика саласындағы зерттеулер мен жобалардың ғылыми нәтижелерінің сапалы деңгейіне қол жеткізе отырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс. Дәл осы тұста институтқа ХЖТИЖО Ғылыми-техникалық кеңесі баға жетпес көмек береді.
Мұндай институтты құру қажеттілігі тиімді құрал ретінде өзін өзі дәлелдеді және көптеген дамыған елдер оны кеңінен пайдаланып отыр. Мысалы, Корея Республикасының Жасыл технологиялар орталығының Ғылыми-зерттеу дивизионын (Green Technologies Center – R&D division) айтып өтуге болады. Бұл мекемені дамыған қаржылық-технологиялық платформада ұлттық «жасыл» зерттеулерді кеңейту мақсатында Корея Республикасының Ғылым министрлігі тікелей үйлестіреді, бұл жобалар мен зерттеулерге дамудың алғашқы кезеңдерінде өз әлеуетін жоғалтпауға мүмкіндік береді (Green Technology Center, 2021).
Сонымен қатар Германияның Вупперталь институтын да атап өтуге болады (Wuppertal Institut für Klima, Umwelt, Energie, 2021). Вупперталь институтындағы зерттеулер экологияның экономикамен және қоғаммен байланысына негізделген. Көптеген ұлттық университеттермен тікелей ынтымақтастық жасай отырып, экономикалық өсіп-өркендеуді табиғи ресурстарды пайдаланудан алшақтататын технологиялық және әлеуметтік инновацияларды талдау және қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Ол тұрақты дамуды қолдауға арналған модельдер, стратегиялар мен құралдарды жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде зерттеп, дамытады. Институттың клиенттер базасы жергілікті билік органдары мен министрліктерден бастап бизнес пен индустрия өкілдеріне дейін қамтиды. Оны қаржыландырудың негізгі бөлігі сыртқы тараптардың зерттеу жобаларынан түседі.
Қорыта келе, адамзаттың жаһандық ілгерілеуіндегі ғылымның рөлі өте маңызды және баға жетпес мүмкіндік пен құндылық. Инновациялық және зерттеу қызметі әрдайым жаңғыру мен дамудың қозғаушы күші екені анық. «Жасыл экономика» деп аталатын қазіргі жаһандық күн тәртібін ескерсек, тұрақты даму да, ғылымды жасылдандыру да түбегейлі мәселеге айналып отыр.
Гүлбазар МЕДИЕВА,
экономика ғылымдарының докторы, ҰИА академигі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жанындағы ҒТД, ҒТК офисінің және «Жасыл көпір» институтының басшысы