Бүгін Қызылордада бәйгеден ҚР чемпионатының оңтүстік аймақтық ІІ-ші іріктеу турнирі басталды. Жарыстың салтанатты ашылуына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев арнайы қатысты.
Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаев жүйрік жаратып, ат баптау ұлтымыздың рухани болмысына, әдет-ғұрып мәдениеті мен өнердің тұтас бір бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Соңғы жылдары аймақта ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Бүгінде облыста 16 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Спортшыларымыз өткен жылы Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында. Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында жеңіп алған медаль санымен соңғы бес жылдықтағы рекордты жаңартты. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін береді деп сенемін.Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын. Шабандоздардың тақымы тастай болсын!» деп айтты Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Сондай-ақ, салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спортымыздың дамып, өркендеуі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екендігін жеткізді.
«Қазір ұлттық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың бір бағыты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы саланың дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда біз ұлттық спортты кәсіби және бұқаралық бағытта дамытуды қолға алдық. Ел аумағында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту үшін көптеген жарыстар ұйымдастырып жүрміз. Оның ішінде, ат спортының орны бөлек. Осы жылдан бастап, Көкпар спортын футбол ойыны тәрізді лига форматында өткіземіз. Яғни, «Жоғарғы лига», «Бірінші лига» және «Екінші лига» форматы енгізілді. Келесі жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінгі жарыс – алдағы Көшпенділер ойынына дайындық» деп айтты Исламбек Төлеубайұлы.
ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей отыра, бәйге спортының маңыздылығына тоқталды.
«Ат спорты, соның ішінде бәйге – халқымыздың бұрыннан келе жатқан ең қадірлі дәстүрі. Жалпы, ат спорты біздің қанымызда бар, бұл бізге ата-бабамыздан мұра болып қалған ерекше мәдениет, спорт, кәсіп және қазына. Ал, оны қолдап дамыту және насихаттау бізге парыз болып табылады. Ендеше бүгінгі жарыста бақ пен бап сынаған азаматтарға сәттілік тілеймін!» деді Қанат Шоқанұлы.
Құнан бәйгенің жүлде қоры – 6 700 000 теңгені құрады. І орынды Алматы облысының Нұркелді есімді аты иеленіп, 3 миллион теңгені жеңіп алды. Ал, ІІ орынды Жамбыл облысынан келген Темірлан есімді сәйгүлік алып, 1,5 миллион теңгеге қол жеткізді. Үздік үштікті Алматы қаласынан келген Айтолқын есімді ат қортындылады. Айтолқынға 1 миллион теңге сыйақы табысталды. Төртінші орынды жамбылдық Айпері жылқысы иеленіп, қанжығасына 700 мың теңгені байлса, бесінші орынды да жамбылдық Бұршақ есімді жылқы иеленіп, 500 мың теңгелік жүлде қорына ие болды.
Топ бәйге бойынша жүлде қоры 9 600 000 теңгені құрады. Алматы облысынан келген Семсер есімді ат қарсыластарынан оза шауып І-ші орынға ие болды. Оған 5 миллион теңге табысталды. ІІ-ші орынды Алматы қаласынан келген Ажар есімді тұлпар алып, 2 миллион теңгені жеңіп алды. ІІІ-ші орынға тігілген 1,2 миллион теңгенің жүлдесін Алматы облысынан келген Мұзбалақ есімді тұлпар жеңіп алды. Төртінші орынды да осы Алматы облысынан келген Дарабоз есімді ат иеленді. Оған 800 мың теңге табысталды. Жүлдегерлер қатарын бесінші орын алған Қызылорда қаласының Жігер есімді тұлпары қортындылап, 600 мың теңгенің жүлдесіне қол жеткізді.
Жарыстың көркін Аламан бәйге ашты. Тартысты өткен доданың І-ші орнын елордалық Алғыр есімді тұлпар жеңіп алып, бас жүлдеге тігілген автокөлікке ие болды. ІІ-ші орынды Алматы облысынан келген Нұр есімді жылқы иеленіп, оған 4 миллион теңге табысталды. ІІІ-ші орынды да Алматы облысы жеңіп алып, Батал есімді атқа 2 миллион теңгелік жүлде бұйырды.
Аламан бәйгенің төртінші орнын Алматы облысының намысын қорғаған тағы бір Сайгон есімді тұлпары жеңіп алып, 1 миллион теңгеге қол жеткізді. Жүлдегерлер қатарын бесінші орын алған Алматы облысының Сұңқар есімді тұлпары қортындылады. Сұңқарға 700 мың теңге табысталды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ұлттық киімдер шеруі де ұйымдастырылды. Байқауға қатысуға жас шектеуі қойылмаған. Бүгінгі шеруге 53 қыз-келіншек қатысуға ниет білдірді.
Ұлттық киімдер қазақ дәстүріне сәйкестігі, дайындау шеберлігі мен шығармашылық көзқарас тұрғысынан бағаланды. Осынау сайыста I орын алған қатысушыға 500 000 теңге, II орынға — 300 000 теңге, ал III орынға – 200 000 теңге қаржылай сыйлықтар табысталды.