⚖️Шымкент қалалық сотының Ақпарат орталығында «Сот төрелігін жүзеге асырудың 2022 жылғы қорытындылары туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихат барысында қалалық соттың алқа төрағалары Мұхтар Пәрменов, Гүлмира Қыдырбаева және Низамиддин Жамашов баяндама жасап, 2022 жылы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру барысы туралы атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты айтып берді.
✅ Жиынды қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби ашып, сөзді М.Пәрменовке берді.
🔹 Қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Абайұлы: «2022 жылы Шымкент қаласының аудандық соттарына барлығы 28240 істер мен арыздар түскен. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2257 іс пен арызға немесе 8,0%-ға көп. Былтыр қаралып аяқталған істердің саны — 19277, 2021 жылмен салыстырғанда 1503 іске артқан. Аяқталған істер бойынша шешім шығарумен 9796 іс болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 9661 істі құраған, яғни 2022 жылы 135 шешімге көп болған. Есеп беру кезеңінде 5426 іс татуласуға байланысты аяқталған. Оның ішінде 2535 іс медиация, 245 іс бітімгершілік келісім және 11 іс партисипативтік келісім жолымен аяқталған. Сонымен қатар, талап қоюшының арызы негізінде 577 арыз қайтарылған және талап қоюдан бас тартуына байланысты 134 іс өндірістен қысқартылған. Яғни, 15263 (медиабелдік) істің 35,6%-ы татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған.» — деді ол.
🔹 Өз сөзінде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Низамиддин Қазыбайұлы: «Қала соттарына 2022 жылы түскен қылмыстық істердің саны – 2275 (2631 тұлғаға қатысты), бұл 2021 жылғы 2008 іспен салыстырғанда, 267-ге артық. Жергілікті соттардың үкімдерімен өткен жылы 1655 тұлғаға қатысты 1409 қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылған. Оның ішінде 1614 тұлға сотталған, 23 тұлға ақталған, 18 адамға медициналық шаралар қолданылған, 506 тұлғаға қатысты 475 іс тоқтатылған. Ал, 2021 жылы 1431 тұлғаға қатысты 1189 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде 1410 тұлға сотталып, 10 тұлға ақталған және 11 тұлғаға медициналық шаралар қолданылып, 474 тұлғаға қатысты 443 іс тоқтатылған. 2022 жылы 457 адам немесе 28,3%-ы бас бостандығынан айыруға сотталса, 2021 жылы 548 адам немесе сотталғандардың жалпы санынан 38,9%-ы бас бостандығынан айырылған. Бас бостандығынан айыру жазасынан басқа жаза түрлеріне 902 адам сотталған, баламалы жаза шараларын қолдану көрсеткіші сотталғандардың жалпы санынан 55,9%-ды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 708 адамды немесе 50,2% құраған, яғни көрсеткіштің өсуі байқалады. Өткен жылы алқабилердің қатысуымен 3 қылмыстық іс қаралған, арғы жылы да 3 қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралған болатын. 2022 жылы 343 тұлғаға қатысты сот үкімдеріне апелляциялық шағым түсіп, апелляциялық тәртіппен 13 тұлғаға қатысты 9 үкімнің күші жойылып, 71 тұлғаға қатысты 60 үкім өзгертілген.» — деді.
🔹 Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлмира Дұрысбекқызы: «2022 жылы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіне түскен әкімшілік талаптардың жалпы саны — 1892. Бүгінде бірінші сатылы сотқа түскен әкімшілік талап қоюлардың 892-і кері қайтарылған. Бірінші сатылы сотта қабылданған 573 шешімнің 162-сі талап қоюды қанағаттандырумен, 104-і ішінара қанағаттандырумен және 307-сі талап қоюды қанағаттандырудан бас тартумен шығарылған. Сонымен қатар, тараптардың татуласу рәсімімен 96-сы, медиация тәртібімен 76-сы, жалпы алғанда 172 әкімшілік іс аяқталған. 2022 жылы бірінші сатылы соттан сот алқасына апелляциялық тәртіппен түскен әкімшілік істердің саны 437 істі (555 шағымды) құраған. Сот алқасының өндірісіндегі 451 істің 12 айда қаралып аяқталғаны 425 іс — деді баяндамашы.
✅ Жиын соңында қалалық соттың алқа төрағалары журналистердің қойған сауалдарына толыққанды жауап қайтарды.
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.