Денсаулық сақтау саласында жемісті жұмыс істеп, ел құрметіне бөленіп жүрген білгір мамандардың бірі деп Болат Нұсқабаевты айтуға болады. Бүгінде қалалық балалар клиникалық аруханасында жарақат-ортопедия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген ол отыз жылдан бергі жұмыс тәжірибесінде сегіз мыңға жуық күрделі оталарға қатысып, қаншама адамның сауығып кетуіне септігін тигізген екен.
Болат Нұсқабаев – балалар травматология-ортопедия бейіні бойынша туа біткен науқастарға және жарақат алған балаларға күрделі ота жасайтын хирург. Өз ісін жетік меңгерген ол негізінен аяқ-қолы жарақаттанған балаларды емдейді. Ол әсіресе тумысынан жамбас сүйегіндегі ақаудан төсекке таңылған балалардың аяққа тұрып кетуі үшін күрделі оталар жасап, оң нәтижеге қол жеткізген. Еңбегі ескеріліп, әр жылдары «Медицина саласының үздігі», «Алтын дәрігер», «Қазақстан Республикасының травматология- ортопедия саласына еңбегі сіңген» төсбелгілерімен марапатталып, 2007 жылы Оңтүстіқ Қазақстан облысының «Жыл дәрігері» атанды.
1991 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген жас маман еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханадасында хирург болып бастайды. 1992-1994 жылдары №3 емханада дәрігер-хирург, 1994 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханасында, 1998 жылдан қалалық №1 балалар ауруханасында травматолог-ортопед қызметтерін атқарған.
1999 жылы облыстық балалар ауруханасында травматолог-ортопед, 2005 жылдан жарақат бөлімінің меңгерушісі, 2008 жылдың басынан 2019 жылдың аяғына дейін он бір жыл бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Бүгінгі таңда жоғарыда айтқанымыздай, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық балалар клиникалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіп- орнында жарақат-ортопедия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігер әр жылдары еліміздегі ірі қалаларды айтпағанда алыс-жақын шетелдерге де барып, тәжірибесін көтеріп жүр. Сол ізденісінің арқасында ең күрделі саналатын оталарды да оңай меңгеріп алған. «2004 жылдан бастап ауруханада үлкен жамбас бұлшық еті сіңірінің тума контрактурасына жаңа жолмен операциялық ем қолданыла бастады. Жүзден астам баланың күрделі ортопедиялық патологиясына медицинаның білікті мамандарымен бірлесе ота жасадық. Осылайша балаларды мүгедектіктен сақтап қалдық» дейді Болат Жасұзақұлы.
Бір айта кетерлігі, мұндай күрделі оталар еліміздегі ірі қалалар болмаса басқа облыстарда осы күнге дейін жасалынбаған. Мұның өзі еліміздегі үшінші мегаполистің медицина саласы бойынша жетістігі басқа қалалармен салыстырғанда көш ілгері кеткенін көрсетсе керек.