Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Ғасырға бергісіз 30 жыл» атты кітап жарыққа шыққан еді. Мұнда Түркістан облысына, Шымкент қаласына және республикаға белгілі ардагер-азаматтар өз салалары бойынша жүріп өткен жолдары, атқарған жұмыстары жайлы ой бөлісіп, пікір алысқан. Яғни кітапқа тәуелсіздік куәгерлерінің естеліктері топтастырылған болатын. Тәуелсіздіктің отыз жылында еліміз әр сала бойынша қандай қиындықтарға тап болды? Осы кедергілерден құтылудың жолдары қалай табылды? Бүгінгі жетістіктеріміздің сыры неде? Міне, кітапта осы мәселелер кеңінен қамтылған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласы бойынша да қиыншылықтар аз кездескен жоқ. Мұның бәрі медицина қызметінің жауапты орындарында жүрген жандардың қажырлы еңбегінің арқасында оңтайлы шешіліп отырды. Бұл жинаққа Түркістан облыстық денсаулық сақтау саласы бойынша үш ардагердің, атап айтқанда, 1992-1994 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментін басқарған, сол кезеңде 12-ші шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулет пен облыста кардиология қызметінің өркендеуіне мол үлес қосқан, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Әбсейтованың және 1991-1999 жылдары ОҚО санитарлық-эпидемиологиялық станса бас дәрігерінің орынбасары, Шымкент қалалық СЭС-тің бас дәрігері болып қызмет атқарған жоғары санатты дәрігер-эпидемиолог ретінде менің де естелігім енген-ді.
Біз бұл жазбаларымызда өзіміз көзбен көріп, көңілге түйген, тікелей бастан кешкен жағдайларды тілге тиек еттік. Медицинаның өзімізге қатысты салаларын жолға қою үшін қалай жанталаса күрескенімізді баяндадық. Сондықтан да бұл мәселе денсаулық сақтау саласындағы жұртшылықты қызықтырмауы мүмкін емес деген ойдамыз.
Жуырда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірқатар медициналық ұжымдарында осы кітапта жазылған жоғарыдағы мақалалар бойынша үш ардагермен кездесулер ұйымдастырылды. Шынын айтсақ, бұл бастама аяқ астынан туды. Үшеуміз де тәуелсіздік жылдары оңтүстік өңірінде денсаулық сақтау саласының ащысы мен тұщысын бірдей көріп, оның қайта қалыптасуына бір кісідей үлес қосқан мамандарымыз. Ендеше, неге өзіміздің білгеніміз бен көңілге түйгенімізді осы салада қызмет етіп жүрген жастарымыз бен әріптестерімізге, дәрігерлік кәсіпті таңдаған келешек ұрпаққа жеткізбеске деп ойладық. Сол үшін арнайы бағдарлама жасалды. Ойға алған іс-шарамызды ел тәуелсіздігі деген ұғымның қадір-қасиетін, салмағын түсіндіруге, оның бізге оңайлықпен келмегенін, астарында аға буын өкілдерінің төгілген тері мен сіңірген еңбегі жатқанын жеткізуді мақсат тұттық.
Біз алғашқы сапарымызды Түркістан қаласынан бастадық. Қожа Ахмет Ясауи бабаның кесенесіне барып зиярат еттік, сонда мәңгілік тыныс тапқан қазақтың ұлы тұлғаларына бағыштап Құран оқылды. Бұдан соң қаладағы жоғарғы медицина колледжі студенттерімен, оқытушы-ұстаздар құрамымен кездесіп, әңгімелестік. Түркістан қалалық орталық ауруханасында болдық.
Келесі күні кездесу Шымкент қаласындағы жоғарғы медицина колледжінде өтті. Бұл жүздесу біз үшін де, колледж ұжымы үшін де аса тартымды, мазмұнды да мәнді болды. Көптеген сұрақтар қойылды, оған хал-қадерімізше жауап беруге тырыстық. Бұдан соң бұрын «Фосфоршылар» ауруханасы аталып келген қазіргі Шымкент қалалық №2 ауруханасында болдық. Иманәлі Оспанұлы осы ауруханада ширек ғасыр бойына бас дәрігер болып қызмет атқарған. Сондықтан бүкіл ұжым өздерінің бұрынғы басшысы бастап келген бұл топты құшақ жая, үлкен құрметпен қарсы алды.
Ертеңіне дәл осындай ыстық ықыласты қабылдауларды Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен облыстық клиникалық аурухана ұжымымен кездесу кезінде де сезіндік. Иманәлі ағамыз бұл ұжымдарда да абыройлы қызметтер атқарған. Небір әдемі естеліктер айтылып, кейінгі буын әріптестеріміздің еңбектеріне табыс тілеп, қимай қоштастық.
Бұдан кейінгі күндерде Сарыағаш және Шардара аудандарының орталық ауруханаларының жұмыстарымен таныстық, ұжым мүшелерімен кездестік. Олар
Иманәлі Оспанұлы мен Сәуле Райымбекқызы сияқты денсаулық сақтау саласының білікті мамандарының, көрнекті ғалымдардың әңгімелерін зор ықыласпен тыңдады. Алғыстарын білдірді.
Шардара ауданындағы сапарымызда аудан орталығынан жетпіс шақырымдай жерде орналасқан Алатау батыр ауылында болдық. Ол бұрынғы «Қазақстан» кеңшары екен. Ауыл жұртшылығы бізді қуана қарсы алды. Орталық клубта ауыл жастарымен, ақсақалдарымен кездесу болды. Ашық-жарқын ой бөлісу, пікір алысу кезінде проблемалар да айтылмай қалған жоқ. Мысалы, ауылдық аурухана болғанымен, перзентхана жоқ. Жүкті әйелдерге босану үшін жетпіс шақырым жердегі аудандық ауруханаға баруға тура келеді. Перзентхана ауылда бұрын болған. Алайда, билік басындағылардың ауылға жете көңіл бөлмеуі салдарынан жабылып қалған екен. Оған да міне, он жылдан асып барады. Ауыл адамдарының сұрайтыны – сол перзентхананы қайта ашу. Біз де осындай орынды талапты қолдайтынымызды білдіріп, мүмкіндігінше көмектесуге уәде бердік.
Медицина саласы ардагерлерінің ұзақ жылдан кейінгі осындай жылы жүзді кездесулерден ауыл тұрғындары да, біз де ұмытылмастай әсер алдық.
Келесбай ЖҰМАҒҰЛОВ,
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары,
СЭС қызметінің ардагері.