Биылғы жылы «Бастау бизнес» жобасына онлайн оқыту наурыз айының соңында басталмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев қала әкімдігінің «Instagram» парақшасындағы тікелей эфир кезінде айтты.
Жобаға: жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар; жеке кәсіпкерлер (мерзімі бір жылдан кем); жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көп балалы отбасы мүшелері; қандастар, қоныс аударғандар; мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және (немесе) мүгедектер қатыса алады.
Оқуға өтінімді Business.Enbek порталында беруге болады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Порталда өтінім мақұлдағаннан кейін онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі.
Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 күннен аспайды және тегін өтеді. Оқыту нәтижелері бойынша қатысушыға сертификат беріледі.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан кейін төмендегі санаттарға жататын қатысушылар Жұмыспен қамту орталығынан берілетін 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа үміткер бола алады:
— Жұмыссыз жастарға (29 жасқа дейінгі),
— Әлеуметтік осал санаттағылар атап айтқанда:
— аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
— көп балалы отбасылар — көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар,
— қоныс аударғандар,
— қандастар,
— мүгедектігі бар адамдар,
— мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.
Оқуды аяқтаған және сертификат алған «Бастау Бизнес» жобасының түлектері Business.Enbek порталындағы «Грант» бөлімінде өтініш бере алады.
Эфир барысында тұрғындардан келіп түскен елуге жуық сұраққа жауап берді. Сұрақтар кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиелер, сауда орындарын жалға алу секілді бизнес өкілдеріне қолдау тұрғысында болды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі