Еліміздегі эпадемиологиялық ахуал нашарлап кеткендіктен карантиндік шектеулердің орындалуын қадағалаушы мобильді топтардың санын арттырып, жұмысын ширата түсу туралы ел басшысының тапсырмасын орындау барысында Шымкент қаласы әкімінің ұйғарымымен үшінші мегаполисте мобильді топтардың саны күрт артты. Олардың мониторинг жұмыстарын жасауы да жиілей түсті.
Қазіргі кезде Шымкент қаласының барлық аудан аумағында карантиндік шектеу шараларының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Қаратау ауданы аумағында мобильді топ аудан аумағында күндіз және түнгі уақытта да рейдтік іс-шараларды атқаруда. Мониторинг жүргізу барысында мобильді топ мүшелері кемшіліктерді анықтаумен қатар нысан иелеріне карантин талаптарын бұзбауды, бұзған жағдайда қандай жауапкершіліктер қарастырылғанын айтып, түсіндіру жұмыстарын да қоса жүргізеді.
Кезекті мониторинг барысында ауданда көптеген кәсіпкерлік нысандары карантиндік талаптарды қатаң сақтайтындары көрінді. Дегенмен, бірқатар нысандардың иелері заңдылықты сақтамай карантин ережелерін орындамай құқық бұзушылыққа жол беріп, сенбі-жексенбі күндері де жұмысын жүргізгені анықталды.
Жалпы анықталған кемшіліктерге аудандық мобильді топ тарапынан ескерту беріліп, нысан иелерінен түсініктеме алынды. Барлық түсініктемелер арнайы шара көру мақсатында құзырлы мекемелерге жолданатын болады.
Айта кетейік, түсіндірме жұмыстары мен бақылау нәтижесінде карантин режимін бұзушылар саны күн санап төмендеп келеді. Яғни мобильді топтар жүргізіп жатқан мониторинг жұмыстары өз нәтижесін бере бастады.