Президент Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында жас ұрпаққа сапалы білім беру мәселесін айта келіп «Санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деген болатын.
Ал сапалы білім мен тәлімді тәрбие алу үшін балалар заманауи мектепте дәстүрлі жолмен оқытылуы тиіс. Сондықтан Шымкенттің әкімдігі қалада заман талабына сай жаңа мектептерді көптеп салып, үшауысымдық, ескі, апатты мектептерді жою мәселесін қарастырып келеді.
Шымкентте жыл соңына дейін 10 222 орынға арналған 20 мектеп пайдалануға берілгелі отыр. Олардың ішінде 4-уі – мемлекеттік, қалған 16-сы жекеменшік мектептер. Тоғыс тұрғын алабында орналасқан N120 жалпы орта мектепке 300 орындық қосымша оқу корпусы салынуда. Сайрам тұрғын үй алабы аумағында орналасқан жалпы алаңы 3,5 га алып жатқан 120 орындық білім нысанының қосымша құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Сайрам шағынауданындағы 300 орындық мектептің құрылысы 1-тамызға дейін аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Сайрам тұрғын алабындағы заманауи талапқа сай бой көтерген осынау 475 орындық «Яссауи» жекеменшік мектебі де жаңа оқу жылына іске қосылмақ.
Қала әкімі М.Әйтенов бекіткен жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін қалада72 мектеп бой көтереді. Биылдың өзінде 32 мектеп құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп пайдалануға берілгелі отыр», — дейді қала әкімінің бірінші орынбасары Ш. Мұқан.
Еліміздегі жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан мектептер саны бойынша бүгінде Шымкент көш бастап тұр.
«Қаламызда үш ауысымда 14 мектеп бар және 21 мектептің бала толымдылығы шамадан артып, үш ауысымдық оқуға ауысу қаупі туындап отыр. Биылғы пайдалануға берілетін мектептердің нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азаяды. Жалпы үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу 2023 жылға жоспарлануда», — дейді қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.