Жаман хабар тез тарайды деген рас екен.
«13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді» деген хабар лезде елдің құлағына жетіп, ұзамай-ақ, қайтыс болғандардың аты-жөні де жария етілді.. Ұшақ апатынан майор Ғабит Барлықбаев (1984 жылы туған), капитан Досжан Баймұратов (1985 ж.т.) пен аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев (1994 ж.т.) және сержант Евгений Васильков (1985 ж.т.) қаза болды.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев «Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.
Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек» деп қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Әлеуметтік желелер мен БАҚ өкілдері алғашқы естіген хабарларын таратып жатты. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақта болған тағы екі адам:
1987 жылы туған Артем Аширов пен 1996 жылы туған Бақыт Исламов Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Тиісті мамандар апаттың орын алу себебін анықтап жатқанда, әлеуметтік желелерде қалған екі адамды құтқарушылар жайлы ақпарат таратып, бүгінгі күннің батырларының есімін атап жатты.
Олар – фельдшерлер Рахимжан Гаитов пен Абдрим Абдрашитов. Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінің міндетін атқарушы Пархат Надыровтың «Sputnik Казахстанның» тілшісіне берген сұхбатында да оқиғаның қалай болғанын тәптіштеп айта отырып, осы жігіттердің үлкен жәрдем көрсеткенін және осы батырлар туралы әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жазылу, айтылу керектігіне назар аударған. Ол Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінен отбасылық жағдайларына байланысты Алматы облысының жедел жәрдем қызметінде жұмыс жасап жүрген жігіттерге: «Біздің қызметте өздеріңдей қайратты, қажырлы батыр жігіттер керек, жұмысқа аламын» деп ұсынысын айтады. Бүгінгі таңда олар сол ұсынысты қабыл алып, қызмет орындарын ауыстырып үлгерген. Әлеужеліде құтқарушы батыр фельдшерлер туралы ақпарат тараған тұста, оқиғаның бұрмаланғаны, нағыз батыр олар еместігі туралы шырылдап айтушылар табылып жатты. Оқиғаның бас-қасында болған Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінің міндетін атқарушы Пархат Надыровтың нақты мәлімдемесінен кейін, жабулы қазан жабылып қалған болатын. Алайда, оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын нағыз батырдың аузынан естіген соң, үндемей қала алмадық. Сонымен…
МАҚТАНБАЙМЫН, ШЫНДЫҒЫ ОСЫ- дейді
Алматы облысы жедел жәрдем стансасының фельдшері Нұрғанат Гайпбаев. – Сол күні жұмыста болатынмын. Сағат 17-20-да диспетчер қызметінен апат болды деген шақырту түсті. Оқиға болған жерден ара қашықтық 7 шақырымдай екен. Жалма жан сол бағытқа бет алдық. 7 минутта оқиға орнына жеттім. Хабарламада қоршаудың сырты деп түскен, алайда самолет ұшу-қону жолағына жетпей қоршаудың ішіне құлапты. Айналып келу үшін уақыт жоғалтатын болғандықтан, қоршаудан асып түсіп, қолыма биксімді ала сала жүгірдім. Самолет жанып жатыр. Өрт сөндірушілер мен авиациялық дәрігерлер де арғыжағынан келе жатыр екен. Жанып жатқан самолетке қарай жүгірдік. Борттың жанында өрт ішінде ессіз жатқан екеуін сүйреп алып шығып, алғашқы көмек бердік. Біреуін авиациялық дәрігерлер, біреуіне алгоритм бойынша алғашқы көмекті өзім көрсеттім. Оларды емханаға жеткізу үшін қосымша 3 бригада шақырдым. Лезде 18-ші бригада келді. Науқасты емханаға алып кетті. Негізінде әлеужелідегі «батыр жігіттер» тек науқасты алып кетіп, емханаға жеткізушілер. Сол жерде Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінің міндетін атқарушы Пархат Надыров жұмысқа ауысу туралы ұсынысты тек екеуіне емес, бәрімізге айтты. Екеуі келісімін берді, мен өз ортамды таңдадым. 10-шы бригада қайтыс болғандарды анықтап, зерттеу жұмыстарын жасау үшін менімен қалды. Түнгі он-онбірге дейін сонда болдым. Өрт өшті. Екі адамды кабинаның алдынан, біреуін ортасынан, ал біреуін борттың сыртынан таптық. Алматының жедел жәрдем қызметі бәрі біткен кезде сағат 19-30-дарда жетті. Бұл бір мақтанарлық жағдай емес, алайда «шындық неге бұрмаланды, осындай сын сағатта кім өз ұпайын түгендегісі келді екен»,- деген ой мазалады. Ертесіне жұмысқа келгенде басшылардан заң талаптарын бұзғаным үшін ұрыс есіттім. №230 бұйрық бойынша төтенше жағдай тәртібін бұзғаным рас. Самолет жанып жатыр, айналаның бәріне бензин төгілген. Кез келген жағдайда самолет жарылуы қаупі жоғары. Қауіпсіздік ережелерін сақтау міндетім. Бірақ маған сол сәтте, өз өмірімді сақтайтын ережеден гөрі азаматтық, адамгершілік парызым жоғары тұрды. Сәлден соң, ашулары басылған соң меңгерушіміз Баян Есенұлы арқамнан қағып, «сен нағыз ерлерше әрекет еттің» деп алғысын айтты. Аға фельдшерлер Назерке Айдархан мен Алтынай Анарбек те өз алғыстарын білдірді. Алматы облысы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Омар Нұрғали Омарұлы мен Алматы облысының аға фельдшері Серік Анарбекұлының алғысы да мен үшін барлық марапаттан үлкен,-дейді нағыз батыр Нұрғанат.
Нұрғанат Гаипбаев Талғардың тумасы. Ақ халатты абзал жандар отбасы десек те болады. Өзі 1994 жылы туған. Ағайынды бесеуінің де осы салада жұмыс жасайтыны көп нәрсені аңғартса керек. Ағасы Қаржаубай Нұрымов ГРЭС –тегі №23 жедел жәрдемде дәрігер, үлкен әпкесі Салтанат Алматыдағы әйелдер босанатын перенаталдық орталықта акушер, екінші әпкесі Перизат Талғардағы жүйке аурулары ауруханасында медбике болса, қарындасы Сымбат Алматыдағы Асфендиаров атындағы медициналық университетінің студенті. Осындай ақ халатты абзал жандардың арасынан шыққан қарапайым, мақтауды сүймейтін, ел жанашыры, лаулап жанып жатқан өрттен қорықпай адам жанын сақтау үшін өз өмірін қатерге тіккен, сонымен қатар осы ерлігі үшін мақтау-марапат алмай жұмысындағы басшыларынан сөгіс алған, бүгінгі бейбіт заманның батыры – Нұрғанат ГАИПБАЕВТЫ ел тануы тиіс.
«Newqazaq.kz»-ақпараттық агенттігі.