Ағымдағы жылдың 20 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу – сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алудың тиімді құралы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттіктің тиісті функциясы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Ережеде де көзделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілген.
Олардың ішінде алты сыбайлас жемқорлықпен байланысты (ӘҚБтК — нің 676-681-бабы), екеуі – кәсіпкерлік қызмет саласында (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), жеті құқық бұзушылық мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары).
Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеке өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер не оларды ұсынған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Айта кету керек, бүгінгі күні 1 айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңгені құрайды.
Мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды, сыйлықтарды немесе жеңілдіктерді заңсыз бергені үшін жеке тұлғаларға ӘҚБтК-нің 676-бабында көзделген 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.
Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін құрайды. Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК төлейді.
Сыйлықтар аясында заңнамада қазір оларды сыйға тартуға және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір рет еске салу керек. Мұндай норма 2020 жылдың соңында енгізілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы маңызды, жоғарыда көрсетілген лауазымды адамдарға көрсетілген іс-әрекеттер үшін айыппұл 100 АЕК құрайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамау деп «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген бірқатар талаптар түсініледі. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, мүдделер қақтығысын болдырмау, қаржылық бақылау шаралары, басшылардың тікелей қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі мәселелері.
Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе квазимемлекеттік сектордың басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Бұл жағдайда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұрын тек мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өткен жөн. Енді, ағымдағы жылдың басынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген түзетулермен сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды квазимемлекеттік сектордың кез келген лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес мемлекеттік қызметшілер сыйлық алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Атап айтқанда, өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса аталған лауазымды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады.
«Newqazaq.kz»