ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және оның бейнесін, сондай-ақ Әнұран мәтінін пайдалану ережелері туралы Үкіметтің қаулысына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Қаулыға сәйкес Елтаңба жеке куәлікпен мен төлқұжатта (паспорт) бейнеленеді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.
Жобаға сәйкес Елтаңба міндетті түрде:
— Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің және Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық кеңестің, Жоғарғы соттың және жергілікті соттардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ҚР шет елдердегі мекемелерінің веб-сайттарында;
— ҚР әуе кемелерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында;
— Президент пен оның Әкімшілігінің, Парламенттің, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Парламент палаталары бюроларының, Үкімет пен премьер-министр кеңсесінің, министрліктердің және Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Конституциялық кеңестің, Жоғарғы сот пен жергілікті соттардың, қарулы күштер және өзге де мемлекеттік органдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде;
— Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, Конституциялық кеңестің және Жоғарғы соттың ресми басылымдарында;
— Ұлттық банктің банкноттары мен монеталарында, мемлекеттік бағалы қағаздарда;
— Қазақстан азаматтарына берілетін жеке куәлікке, туу туралы куәлікке, төлқұжатқа (паспорт) және өзге де төлқұжаттарға, мемлекеттік органдар мен ұйым қызметкерлерінің қызметтік куәліктеріне;
— ҚР Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекаралық бағаналарда бейнеленеді. Қаулы жобасы 14 сәуірге дейін талқыланады.