Бүгін Түркістанда туризм саласының болашағына тікелей әсер ететін маңызды жиын өтті. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен Туризм жөніндегі салалық кеңесте өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жер пайдалану тарифтерінің күрт өсуі қызу талқыланды.
Жиынды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының туризм департаментінің директоры Дамиля Кунанова жүргізді. Басқосуға кәсіпкерлер палатасының өкілдері, туризм басқармасы, ұлттық парк әкімшілігі және туризм саласының кәсіпкерлері қатысты. Кездесудің негізгі өзегі – соңғы өзгерістердің бизнеске әсері мен туризмнің даму бағыты болды.
Кеңесте белгілі болғандай, Сайрам-Өгем ұлттық паркінде жұмыс істеп отырған 25 кәсіпкер үшін жер пайдалану ақысы бірден бірнеше есеге артқан. Бұған дейін 49 жылға жасалған келісімшарт бойынша кәсіпкерлер 1 гектар жер үшін айына небәрі 5 000 теңге төлеп келген. Ал 2024 жылғы 2 қазандағы №232 бұйрыққа сәйкес, жаңа тариф 1 гектар үшін 8 АЕК, яғни 2026 жылғы есеппен 34 600 теңгені құрап отыр.
Бұл – шамамен 7 еселік өсім. Кәсіпкерлер мұндай шұғыл өзгеріс бизнестің тұрақтылығына қауіп төндіріп отырғанын ашық айтты. Әсіресе шағын және орта бизнес үшін бұл тарифтер нысандардың табыстылығын төмендетіп, инвестициялық тартымдылықты әлсіретуі мүмкін.
Жиын барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарифтерді қайта қарау бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ұсыныс жолдағаны айтылды. Алдын ала қолдау болғанымен, мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ.
Кәсіпкерлер нақты ұсыныстарын жеткізді: тарифтерді кезең-кезеңімен енгізу, ұзақ мерзімді келісімшарттарды сақтау, өтпелі кезең қарастыру және жаңа келісімшарттарды ашық әрі әділ жасау. Сонымен қатар барлық өзгерістер заң аясында, кәсіпкерлердің мүддесін ескере отырып қабылдануы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Бұл тақырып тек өңір шеңберінде қалмай, республикалық деңгейге шыққан. Экология министріне ресми хат жолданып, қосымша талқылаулар жоспарланған. Мәселе ведомствоаралық комиссияның қарауына да ұсынылған.
Кәсіпкерлер атынан сөз сөйлеген «The Ost Group» ЖШС директоры Таймас Турсунбаев шешімдердің алдын ала талқылаусыз қабылдануы бизнеске кері әсер ететінін жеткізді.
Өңірдің қоғамдық кеңес мүшесі, сала сарапшысы Бақытжан Құралбаев та бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді:
«Тариф саясаты біржақты қабылданбауы тиіс. Біз табиғатты қорғауды да, кәсіпкерлікті дамытуды да қатар алып жүруіміз керек. Егер бизнеске шамадан тыс салмақ түссе, ертең туризмнің өзі тоқырауға ұшырайды. Сондықтан мемлекет пен кәсіпкерлер арасында нақты тепе-теңдік болуы шарт», – деді ол.
Жиын қорытындысында қатысушылар туризмнің Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы бар сала екенін тағы бір мәрте атап өтті. Бұл бағыттағы кез келген шешім табиғатты сақтау мен экономикалық дамудың арасындағы нәзік тепе-теңдікті бұзбауы тиіс.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалмайынша, өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалану мүмкін емес. Ал бүгінгі талқылаулар мен алдағы шешімдер Түркістан туризмінің келешек бағытын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналмақ.




