


Түркістан облысында жер мәселесі тағы да күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Бүгін AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» аймақтық комиссиясының кезекті отырысы Келес ауданы, Абай ауылында өтті.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде жердің халық игілігіне қайтарылуы – партия жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандарында Жер кодексі талаптарының орындалуы туралы баяндама жасалып, нақты деректер ұсынылды. Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан заң талаптарының сақталуы мен пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бағытындағы жұмыстар сараланды.
Сонымен қатар, «Жер аманаты» жобасы аясында 2022–2026 жылдар аралығында қайтарылған жер телімдерін қайта бөлу мәселесі кеңінен талқыланды. Шардара және Келес аудандарының әкімдері атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл бағыттағы басты мақсат – жерді тиімді пайдаланып, оны нақты еңбек ететін азаматтарға беру.
Отырыста тек есеп қана емес, Келес ауданының тұрғындарының да арыз-шағымдары қаралып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиынға қатысқан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Асылан Ибадуллаев жер мәселесінің бизнеске тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.
«Жер – тек ауыл шаруашылығының емес, тұтас экономиканың тірегі. Кәсіпкерлер үшін ашықтық пен әділдік өте маңызды. «Жер аманаты» жобасы осы бағытта нақты нәтиже беріп отыр. Ең бастысы – жер шын мәнінде жұмыс істейтін адамдарға берілуі тиіс. Біз бұл процестің ашық әрі әділ жүруіне мүдделіміз», – деді Асылан Ибадуллаев.
Жиын қорытындысында бірқатар ұсыныстар қабылданып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Комиссия жұмысы жерді тиімді пайдалану мен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында жалғасатын болады.




