Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Сот жүйесінде мемлекеттік тілде іс жүргізу бойынша құжат айналымының үлес салмағын арттыруға бағытталған кешенді шаралар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Маңызды жиынға қала прокуратурасының басқарма прокуроры Дәулет Әбдібай, сондай-ақ қаланың бес ауданының прокурорларының орынбасарлары – Онласын Әбдрасіл (Абай ауданы), Ерлан Сәдібеков (Әл-Фараби ауданы), Дәуренбек Алшабаев (Еңбекші ауданы), Тимур Нүсіпов (Қаратау ауданы), Ғалым Жанабаев (Тұран ауданы), ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Испандияр Құралбаев және қаланың бес ауданы бойынша полиция басқармалары бастықтарының орынбасарлары қатысты.
Дөңгелек үстел отырысына төрағалық еткен Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Самидин Темиралиев сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейіне кеңінен тоқталып, сотқа жолданатын іс жүргізу құжаттарын қазақ тілінде дайындау мәселесінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және сот пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды.
Шара барысында қатысушылар іс жүргізу құжаттарын мемлекеттік тілде рәсімдеудің маңыздылығы ерекше екенін атап өтіп, туындап отырған мәселелерді шешудің нақты жолдары жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, құжаттардың сапасын арттыру, оларды уақытылы әрі талапқа сай рәсімдеу және мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысты күшейту қажет екендігі айтылды.
Кездесу қорытындысында сот жүйесінде мемлекеттік тілде іс жүргізуді одан әрі дамыту, құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылып, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Айгүл МАМЫТ,
журналист.






