Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап кітапханасының №6 жылжымалы пункті негізінде жұмыс істейтін 5574 әскери бөлім кітапханасы – жеке құрамның рухани дамуына, білімін жетілдіруге және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды мәдени-ағартушылық орын. Кітапханада қазіргі таңда 102 тұрақты оқырман тіркелген. Бұл көрсеткіш әскери қызметкерлердің кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Кітапхана қоры әртүрлі бағыттағы әдебиеттермен толықтырылған. Мұнда көркем әдебиет, тарихи кітаптар, электронды басылымдар, әскери-патриоттық шығармалар, ғылыми-танымдық еңбектер, сондай-ақ газет-журналдар бар. Оқырмандар өздеріне қажетті кітаптарды еркін таңдап, білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Аталған кітапхананың жұмысын жандандырып, оны жаңа деңгейге көтеріп отырған кітапхана бастығы, қызметші Ұлпан Сисенованың еңбегі ерекше. Ол кітапхана жұмысында жаңашыл әрі креативті идеяларды енгізіп, сарбаздардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ұйымдастырушылық қабілеті мен тың бастамаларының нәтижесінде кітапхана тек оқу орны ғана емес, рухани орталыққа айналып отыр.
Ұлпан Сисенованың еңбегі жоғары қолбасшылық тарапынан да өз бағасын алды. Түркістан өңіріне іссапармен барған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков кітапхана жұмысымен танысып, оның заманауи бағытта дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, кітапхана қызметін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан «Наурызнама» онкүндігі аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай кітапханада «Бірге кітап оқиық!» атты кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Бұл бастама әскери қызметшілердің кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де зор үлес қосты.
Кітапханада оқырмандарды ынталандыру және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында 4 негізгі номинация бойынша жұмыс жүргізіледі:
«Айдың үздік оқырманы» – айына 3–5 кітап оқыған оқырмандар арасынан анықталады. Олар оқырман кітапшасы арқылы есепке алынады.
«Оқырман көшбасшысы» – басқа оқырмандарға кітап оқуға кеңес беріп, оларды кітапханаға тартуда белсенділік танытатын тұлға.
«Кітапхана белсендісі» – кітапхана ұйымдастыратын іс-шараларға белсене қатысып, мәдени жұмыстарға атсалысатын (мобилограф, жүргізуші, суретші және жалпы өнерлі оқырман).
«Жылдың үздік оқырманы» – жыл бойы 10 кітаптан жоғары оқыған белсенді оқырмандарға беріледі. Жыл соңында оқырман өзі оқыған кітаптарын қорғап, комиссия мүшелерінің шешімімен «Үздік оқырман» төсбелгісімен марапатталады.
Аталған номинациялар бойынша үздік деп танылған оқырмандардың суреттері арнайы тақтаға ілініп, өзгелерге үлгі ретінде ұсынылады.
Сонымен қатар, кітапханада оқылған кітаптарды талқылау шаралары тұрақты түрде өткізіледі. Бұл кездесулер барысында оқырмандар өз пікірлерін ортаға салып, шығарманың мазмұнын, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін және автордың негізгі идеясын талдайды. Мұндай талқылаулар сарбаздардың ойлау қабілетін дамытып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға және бір-бірімен еркін пікір алмасуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, кітапханада әдеби кештер, кітап көрмелері, тақырыптық шолулар мен тәрбиелік маңызы бар кездесулер ұйымдастырылады. Бұл шаралар әскери қызметкерлердің дүниетанымын кеңейтіп, патриоттық сезімдерін нығайтады. Әскери бөлім кітапханасы – тек кітап оқу орны ғана емес, ол сарбаздардың мәдениетін қалыптастыратын, білімін арттыратын және рухани дамуына ықпал ететін маңызды орталық болып табылады.
Кітапхана бастығы Ұлпан Шығырбекқызы:
Біздің басты мақсатымыз – сарбаздардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру ғана емес, олардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуына жағдай жасау. Әр оқырман кітапханаға келген сайын өзіне жаңа дүние ашып, пайдалы білім алып шықса – біздің еңбегіміздің нәтижесі сол, — дейді.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



