Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев Ордабасы ауданына жұмыс сапары аясында Бадам ауылдық округіндегі Бадам индустриялық аймағында орналасқан «KazKioti» ЖШС трактор зауытында болды.
Сапар барысында зауыттың өндірістік қуаты, құрастыру желісі және кәсіпорынның жалпы жұмыс барысы таныстырылды. Кәсіпорын өкілдері өндіріс процесі, техникалық мүмкіндіктері мен алдағы даму жоспарлары жөнінде мәлімет берді.
Кездесу барысында кәсіпкерлік саласында туындауы мүмкін мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Кәсіпкерлер палатасының директоры өндіріс орындарымен тұрақты байланыс орнату маңызды екенін атап өтті.
— Біз үшін кәсіпкерлермен тікелей кездесіп, олардың жұмысымен танысу маңызды. Өндіріс орындарының дамуына кедергі келтіретін қандай да бір мәселе болса, Кәсіпкерлер палатасы әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Бизнестің дамуы – өңір экономикасының дамуына серпін береді, – деді Асылан Ибадуллаев.



