Сайрам ауданының Ақсу ауылында Конституциялық реформаны қолдауға арналған мурал салынды. Аталған туынды Құрманбек Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің ғимаратына орналастырылды.
Жаңа мурал елдегі саяси жаңғыруды, әділетті қоғам құру идеяларын және жаңа Конституцияны қолдауды бейнелейді. Көркем туындының көлемі 22×9 метрді құрайды.
Мурал халық көп шоғырланатын жерде — Абылай хан көшесінің бойында, «Ынтымақ» аллеясының жанында орналасқан. Бұл өз кезегінде ауданның көркін арттырып, тұрғындар үшін тартымды фотозонаға айналары сөзсіз.
Аталған бастама жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға зиялы қауым өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері және кәсіпкерлер қолдау көрсетті.
Муралдың ашылу салтанатына ауданның ақсақалдары мен әжелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, білім саласының қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар конституциялық реформаны қолдауға қатысты пікірлерін білдіріп, ел болашағына деген сенімдерін жеткізді.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


