2-бөлім
6. «Конституциядан «бостандық» ұғымы алынып тасталды»
Керісінше, құқықтар мен бостандықтар ең жоғары құндылық ретінде айқындалған.
Преамбула мен 1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланған. Құқықтар мен бостандықтар бөлінбейтін және иеліктен шығарылмайтын деп танылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз жария мәлімдемесінде: «Адам және оның қадір-қасиеті – конституциялық модельдің езегіне айналып отыр» — деп атап өтті.
Қорытынды: Манипуляция.
7. «Сөз және жиналыс бостандығы шектеледі»
Шын мәнінде, Конституция жобасы цензураға тікелей тыйым салады (23-бап, 5-т.) және сөз бостандығына кепілдік береді (23-бап, 4-т.). Шектеулерге тек заңмен және тек конституциялық құрылысты, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ басқа тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында ғана жол беріледі, бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді.
Бейбіт жиналыстар өткізу құқығына Конституция жобасының 35-бабында да кепілдік берілген. Бейбіт жиналыс түрлерінің тізбеленбеуі осы түрлердің барлығының «бейбіт жиналыстар» ұғымына кіретіндігімен, яғни бейбіт жиналыстар өткізу құқығымен қамтылатындығымен түсіндіріледі. Бейбіт жиналыстардың нақты түрлері бейбіт жиналыстар туралы бейінді Заңда ашып көрсетіледі.
Бейбіт жиналыстардың түрлерін тәптіштемейтін мұндай жалпы тұжырымдама «Бейбіт жиналыстар өткізу құқығы танылады» делінген Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді.
Қорытынды: Манипуляция.
8. «Тотальды цифрлық бақылау енгізіледі»
Керісінше, Конституция жобасы «цифрлық құқықтарды» енгізіп, азаматтардың жеке өмірі мен дербес деректерін виртуалды ортада заңсыз пайдаланудан қорғайды (21-бап, 1-т.).
Қорытынды: Фейк.
9.«Конституция мәтінін шетелдіктер жазған»
Жобаны отандық заңгерлер, ғалымдар мен сарапшылар азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып дайындады. Комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізілді.
Қорытынды: Фейк.
10. «Жаңа Конституция халықаралық міндеттемелерді бұзады»
Жобада ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетін нормалар көзделмеген. Адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі қағидаттары халықаралық деңгейде танылған стандарттарға сәйкес келтірілген.
Ратификацияланған халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі ұлттық мүдделерді қорғау қажеттілігі ескеріле отырып, заңдарда айқындалатын болады. Ратификацияланған халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық жүйесінің құрамында қалады.
Қорытынды: Манипуляция.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды бастапқы дереккөздерді мұқият зерделеуге, тексерілмеген жарияланымдарға сын көзбен қарауға және жалған ақпаратты таратпауға шақырады.
Өз көзқарасыңызды қалыптастыру барысында эмоционалды және үстірт интерпретацияларға емес, ресми мәтін мен уәкілетті органдардың түсіндірмелеріне сүйеніңіз.

