Астана, Қазақстан — Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атына “Dostyq Fellowship” бағдарламасы аясында Корея Республикасында өткен Capstone Project жобасына қатысып қайтқан Woosong University Kazakhstan университетінің 12 студенті алғыс хат жолдады.
Студенттер Мемлекет басшысына елімізде білім беру саласын дамытуға және жастардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына бағытталған жүйелі қолдау көрсетіп отырғаны үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер халықаралық стандарттарға сай білім алуға, озық тәжірибелерді меңгеруге және жаһандық бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға жол ашып отыр. Осы орайда мемлекетімізге зор ризашылығымызды білдіреміз.
Үш аптаға созылған Capstone Project бағдарламасы барысында қазақстандық студенттер жасанды интеллект, IT және бағдарламалау бағыттары бойынша нақты жобалармен жұмыс істеп, халықаралық профессорлар және мамандармен бірлескен тәжірибе алды. Бағдарлама кәсіби білімді тереңдетумен қатар, командалық жұмыс, жобалық басқару, жүйелі ойлау және жауапкершілікті бөлісу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, шетелдік студенттермен бір ортада білім алу мәдени алмасуды нығайтып, халықаралық ынтымақтастық пен өзара құрмет құндылықтарын терең түсінуге ықпал етті. Woosong университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ұйымдастырушылары тарапынан көрсетілген қолдау сапардың жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті.
Бағдарлама қатысушылары алған білімдері мен тәжірибелерін ел игілігіне бағыттауды азаматтық міндет санайтынын атап өтті. Атап айтқанда, өз өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында IT және цифрлық технологиялар саласын дамытуға, жастарға арналған инновациялық бастамаларды қолдауға үлес қосуды жоспарлап отыр.






