
Бүгін Түркістан қаласында өңір кәсіпкерлері мен өндірушілеріне арналған «Орталық Азия өнімдерінің сөресі» атты стратегиялық жоба аясында ақпараттық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық өнімдерді Қытай нарығына экспорттау әлеуетін кеңейту, кәсіпкерлерге жаңа нарық талаптарын түсіндіру және табысты кәсіпкерлікке бағытталған тиімді стратегияларды ұсыну.
Семинар барысында қатысушылар Қытай нарығына шығудың мүмкіндіктері, экспорттық рәсімдер, өнім сапасына қойылатын халықаралық стандарттар, логистика және серіктестік орнату жолдары туралы толыққанды ақпарат алды.
Жиында Қазақстан Республикасының Кооперативтер және басқа экономикалық қауымдастықтар ұлттық ассоциациясы (НАКАФЕК) ӨӨРҰ ЗТБ Президенті Қазыбек Шайх экспортқа шығудың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жолдарын түсіндірді. Ол нарық талаптарына сай өнім дайындау, сапаны арттыру, халықаралық келісімшарттар жасау және 2026 жылға арналған табыс стратегияларын қалыптастыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге жаңа нарыққа жүйелі түрде шығу үшін қажетті практикалық кеңестер берілді.
Семинардың арнайы қонағы ретінде – Иран Ауыл шаруашылығы министрлігінің экс-жетекші маманы, мал селекциясы саласының халықаралық сарапшысы Хамидреза Надерфард шақырылды. Ол енеге (буйвол) шаруашылығын дамыту тәжірибесі, генетикалық селекцияның заманауи әдістері, өнімділікті арттыру жолдары және фермерлік кооперативтерді тиімді басқару жөнінде баяндама жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан нақты жауаптар алды. Ашық форматтағы пікір алмасу кәсіпкерлерге экспорттық мүмкіндіктерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Аталған семинар өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесі, Сауда және қызмет көрсету жөніндегі салалық кеңес, сондай-ақ Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі бойынша салалық кеңестің бірлескен отырысы аясында өтті. Бұл іс-шара Түркістан өңіріндегі кәсіпкерлері үшін Қазақстаннан Қытай нарығына өнім жеткізу бойынша стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.




