Шымкент қаласында конституциялық реформа аясында «Әлеуметтік мемлекет және өмір сүру сапасының жаңа стандарттары» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды. Іс-шараға кәсіподақ белсенділері, салалық сарапшылар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиын барысында конституциялық реформаның еңбек нарығына, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне және жалпы халықтың өмір сүру сапасына ықпалы жан-жақты талқыланды.
«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев өз баяндамасында конституциялық өзгерістердің мемлекеттік құрылымды жаңғыртудағы және әлеуметтік мемлекетті нығайтудағы маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, Конституциялық комиссия құрамында Сатыбалды Дәулеталиннің болуы «Еңбек адамы» ұғымының мәртебесін арттырып, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.
– Конституциялық реформа арқылы әлеуметтік мемлекеттің іргетасын нығайту – уақыт талабы. Жаңа стандарттар халықтың өмір сапасын жақсартудың негізгі құралына айналуы тиіс. Реформаның табысты жүзеге асуы әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты. Бірлігіміз бен жауапкершілігіміз ғана әділетті қоғам мен жоғары өмір стандарттарын қалыптастырады, – деді Б. Әлтеев.
Сондай-ақ ол жиын барысында айтылған ұсыныстар кәсіподақтардың алдағы жұмыс жоспарына енгізіліп, көтерілген мәселелер бойынша арнайы іс-шаралар кешені әзірленетінін атап өтті.
Жиында Шымкент қалалық мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету мекемелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Әуесханов сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі мен құқықтық қорғалуы мәселесіне тоқталды.
– Мемлекеттік және қоғамдық қызмет көрсету саласындағы әрбір маман өзін қорғалған сезінуі қажет. Реформа аясында біз халыққа қызмет етудің ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыруды қолдаймыз, – деді ол.
Ал «Ұстаз жолы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлжан Исабаева Конституциялық реформа әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайтып, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек құқықтарын қорғау және азаматтардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Іс-шара соңында Бауыржан Әлтеев кәсіподақ мүшелерін және барша азаматтарды конституциялық реформаны қолдауға және ортақ іске белсенді түрде атсалысуға шақырды.





