

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен Түркістан облыстық Қоғамдық кеңестің бірлесіп ұйымдастыруымен Білім беруді және медицинаны дамыту салалық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің рецептімен берілетін дәрілік заттарға арналған көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағаларды мемлекеттік реттеу мерзімін 2027 жылға дейін ұзарту жөніндегі ұсыныс талқыланды.
Іс-шараға Түркістан облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Зуппархан Чалданов, Оңтүстік Қазақстан облысының фармацевтикалық және медициналық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Хадиша Альжанова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Құралбек Асабаев, сондай-ақ онлайн форматта әлеуметтік саланың дамуы жөніндегі комиссия төрайымы Зухра Камбарова қатысты. Сонымен қатар өңірдегі дәріханалар мен фармацевтикалық ұйымдардың басшылары офлайн және онлайн форматта пікір білдірді.
Кеңес отырысын ашқан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев мәселенің өңір үшін өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 781 дәріхана жұмыс істейді, оның 442-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан.
«Баға реттеу тетіктеріндегі кез келген өзгеріс ең алдымен ауыл тұрғындары мен шағын кәсіпкерлерге әсер етеді. Сондықтан шешім қабылдау кезінде нарықтағы нақты жағдайды және бизнеске түсетін жүктемені ескеру қажет», – деді Асылан Ибадуллаев.
Отырыс барысында кәсіпкерлер соңғы жылдары дәрілік заттардың шекті бағаларын қалыптастыру қағидаларына жиі өзгерістер енгізілуі нарықта теңгерімсіздік туындатқанын атап өтті. Қазіргі таңда көтерме және бөлшек сауда сегментінде шамамен 150 атаулы дәрілік заттың тапшылығы байқалып отыр. Сонымен қатар ұсынылып отырған жаңа бұйрық жобасында 900-ден астам дәрілік заттың шекті бағасын төмендету көзделіп, кейбір позициялар бойынша бағаның 30–90 пайызға дейін төмендеуі мүмкін екені айтылды.
Сала кәсіпкерлері бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек ассортиментін кеңейту, бағаны тұрақтандыру кезінде шекті бағаларды нақты экономикалық есепке сүйене отырып белгілеу қажеттігі көтерілді. Көп жағдайда шекті баға тым төмен деңгейде бекітіліп, дәрілік заттың өзіндік құнын жаппайтыны, бұл бизнеске тиімсіз екені айтылды.
Сонымен қатар кәсіпкерлер отандық өндірушілердің өнімдеріне шекті баға қою мәселесін қарастыруды, ал сырттан импортталатын дәрі-дәрмектерге шекті баға белгілеуді қайта қарауды ұсынды. Олардың пікірінше, импорттық дәрілерге қойылған төмен шекті бағалар шетелдік жеткізушілердің нарықтан кетуіне алып келіп, нәтижесінде өңірде дәрі тапшылығы байқалуда.
Жиынды қорытындылаған Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлер тарапынан көтерілген ұсыныстар Түркістан облыстық Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жинақталып, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты.
