Мемлекеттік тіл – тәуелсіз мемлекеттің басты нышандарының бірі, ұлттың рухани өзегі мен тарихи жадының айнасы. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып табылады. Бұл – ел азаматтарын бір мақсатқа, бір болашаққа ұйыстыратын маңызды құндылық.
Қазақ тілі ғасырлар бойы халқымыздың дүниетанымын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Өйткені тілге деген құрмет – елге деген құрметтен басталады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді дамыту бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік органдарда іс жүргізу тілі қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшіріліп, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық кеңістікте қазақ тілінің қолданылу аясы кеңеюде. Бұл – тіл саясатының нақты нәтижесі.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру – тек заң талабы емес, ол қоғамда өз орныңды табуға, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік береді. Қазақ тілін білу арқылы адам еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді, ұлттық құндылықтарға жақындай түседі.
Мемлекеттік тілдің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан жас ұрпақты ана тілін қадірлеуге, сауатты әрі еркін сөйлеуге тәрбиелеу – маңызды міндет. Отбасында, білім ордаларында және қоғамдық ортада қазақ тілінің қолданысын арттыру – ортақ жауапкершілік.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – елдігіміздің негізі, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Қазақ тілін дамытуға үлес қосу – әрбір азаматтың парызы. Тіліміз төрде болса, еліміздің де мерейі үстем болмақ.
Гүлмира СЕБАЕВА,
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сот әкімшісінің басшысы.






